Русский Сайттың толық нұсқасы

Саран шахтасындағы төтенше жағдайдың себебін тексерген үкіметтік комиссия шешім шығарды

  • AstanaTV
  • 23 қараша 2016
  • 3510

Төрт адамды ажал құштырған Саран шахтасындағы апат жұмыс беруші тараптың кінәсінен орын алған. Төтенше жағдайды жан-жақты тексерген үкіметтік комиссия осындай шешім шығарды. Енді компанияның жұмысын құқық қорғау органдары тексереді.

Үкіметтік комиссия тергеу қорытындысын алдымен Саран шахтасының ұжымына таныстырды. Арселор Миттал Теміртау компаниясы басшылығы кеншілермен кездесуге БАҚ өкілдерін кіргізбеді. Апаттың себептері кейін жарияланды. Олар бірнешеу: жер астында адам таситын Феррит аспалы арбасы мен вагон бір-біріне шала дәнекерленіп, бекітілген. Оның үстіне тежегішті іске қосатын сақтандырғыш бұралмаған. Салдарынан тіркеу тетігі үзіліп, 12 кенші мінген вагон төмен қарай 225 метрге орасан жылдамдықпен сырғанап кеткен. Жұмыскерлердің тек біреуі ғана секіріп үлгеріпті.

Комиссия төрағасы Нұрбек Құнанбаевтың айтуынша, төтенше жағдайға бірнеше адам кінәлі. Арасында аспалы техника жүргізушілері, ауысым шебері, механик, инженер, учаске бастықтарынан бастап шахта директорларына дейін бар. Өндірістік және техникалық қауіпсіздік сақтамаған 16 адам қызметінен шеттетілді.

Нұрбек Құнанбаев, үкіметтік комиссия төрағасы, ҚР ИДМ өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары:

Тексеріп, оны жүргізіп көріп алу керек болатын. Жұмысқа жарай ма, жоқ па, соны біліп алғанан кейін ғана қол қойып «пригоден к эксплуатации» деп, содан кейін ғана адамдарды отырғызып, тасу керек болатын. Ол істелмеген.

Феррит фирмасының аспалы арбасы шахтаның астында вагондарды тіркеп кеншілер мен жүк тасуға арналған. Чех техникасы кәсіпорында 2001 жылдан бері қолданылады. Тексеру барысында, оның өндірістік ақауы болғаны анықталды. Алайда, мұны тексеріп көрмегенін департамент директоры мойындады.

Евгений Ромащин, «Арселор Миттал Теміртау» АҚ көмір департаментінің директоры:

Ақау осы сараптама кезінде анықталды. Дұрыс дәнекерленбегенін енді ғана білдік. Феррит техникаларын тексеретін боламыз.

Нұрбек Құнанбаев, үкіметтік комиссия төрағасы, ҚР ИДМ өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары:

«Арселор Митталдың жоғарғы басшылығының істеп отырғаны бұл. Мына мемлекеттік органдарды осы комиссия жұмысының ішіне шақырмаған, қоспаған. Шахтаның басшыларынан бастап, жұмыскерлеріне дейін әркім өзінің тиісті нәрсе істейтін болғанда, бұндай оқиғалар болмас еді».

Үкіметтік комиссия бұнымен қоса аталған вагондар жүретін жер асты жолында жұмысшылардың қысқартылғанын анықтаған. Мәселен, мұнда қызмет көрсетуі тиіс 38 адамның орнында 22, ал 6 механиктің орнында небәрі 1 механик жұмыс істейді. Бұл да апатқа әкеп соқтырады,-дейді комиссия мүшелері. Алайда, Арселор Миттал Теміртау компаниясының басшылығы БАҚ өкілдеріне жұмыскерлердің нақты саны мен қаншасының қысқарғаны  туралы айтқысы келмеді.

Евгений Ромащин, «Арселор Миттал Теміртау»АҚ көмір департаментінің директоры:

Бүгінде жұмыскерлердің қаншаға азайғанын айта алмаймын. Нормативті құжат жасап жатырмыз. Соңғы бірнеше айда 1200-дей кенші жұмысқа алынған. Кеткендері 500-ге жуық. Оны нақты қарау керек.

Ермек Бейсенов, Қарағанды облыстық еңбек инспекциясының бөлім басшысы:

Адамдардың санын жұмыс беруші өзі бекітеді. 2016 жылы 1 қаңтарда осындай заң шықты. Оның үстіне шахталарда қанша жұмыскер болуы керектігі туралы Қазақстанда нақты құжат жоқ. Одақ кезінде ондай нормалар шыққан. Қазір қолданылмайды.

Айжан Қуаш, тілші:

Осындай олқылықтың салдарынан Арселор Митталдың 632 нысанын тексерген инспекторлардың айтуынша,  биылдың өзінде 1500-ден астам өндірістік заң бұзушылық анықталған. Оның 119-ы жер асты көліктерін пайдалануға қатысты екен.