Русский Сайттың толық нұсқасы

Әйгілі миллиардер Билл Гейтстің қаржысы 90 млрд долларға жетті - Bloomberg

  • AstanaTV
  • 23 тамыз 2016
  • 2349

Әйгілі миллиардер Билл Гейтстің қаржысы 90 млрд долларға жетті. Бұл жеке адамның иелігіндегі байлықтың мөлшері бойынша тарихтағы ең рекордтық көрсеткіш. Bloomberg-тің хабарлауынша, бұл сома АҚШ-тағы ішкі жалпы өнімнің 0,5%-на тең. Осылайша, Гейтс Zara компаниясының негізін салушы Амансио Ортегуді басып озды. Яғни оның байлығы қарсыласынан 13,5 млрд долларға артық. Forbes журналының ақпаратына сай, әлемдегі ең бай адамдардың көшін Билл Гейтс бастап тұр. Алайда журнал оның жиған-тергені 78,6 млрд доллар деп көрсетуде.

Айта кетейік, бүгінде Гейтске Microsoft компаниясының 2,5%-ы тиесілі. 60 жастағы бизнесмен Билл Гейтс қайырымдылық жасаушы азамат ретінде де жақсы таныс. Ол дамушы елдердегі білім және денсаулық саласын жақсартатын Билл мен Мелинда Гейтстердің қорын ашқан. Аталған қордың таратқан ақпаратына сүйенсек, кәсіпкер қайырымдылық мақсатта бас аяғы 36 млрд долларға жуық қаржы жұмсаған.