Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылордалық кәсіпкерлер «ҚазТрансГазАймақ» компаниясы өңдірістік филиалының әрекетіне наразы

  • AstanaTV
  • 25 қараша 2016
  • 2294

Қызылордалық кәсіпкерлер «ҚазТрансГазАймақ» компаниясы өңдірістік филиалының әрекетіне наразы. Бизнес иелеріне "газ ұрлады" деген желеумен миллиондаған теңге айыппұл салынған. "Бір текше метрі 20 теңге тұратын көгілдір отынды ұрлау кімге керек" деген кәсіпкерлер газ пайдалану қызметі үшін үнемі алдын ала төлем жасайтынын жеткізді. Шарипа Сақтапованың репортажы.

Тойхана мен қонақ үй кешеніндегі қазандық бөлмесінде газ есептегіштер орналасқан. Бұл жерге бөтен ешкім де кірмейді, - дейді Ілияс Алдоңғаров. 10-шы қарашада Керуен сарайға «КазТрансГазАймақтың» өндірістік филиалының өкілдері тексерумен келген. Ілиястың айтуынша, олар басшыны күтпестен, баса - көктеп қазандық бөлмесіне кіреді. Ал артынша үш газ есептегіштің екеуіндегі бітеме бұзылған, деп қорытынды шығарды, дейді кәсіпкер.

Ілияс Алдоңғаров,  кешен бастығының орынбасары:

Біз кіріп келгенше, олар счетчиктың пломбасын бұзып тастаған. Оны біз білмейміз. Бізге, мысалы, счетчикті айналдыру не керегі бар? Газ, мысалыға, арзан. Жұмыс істеп жатқанымызға 2008 жылдан бастап 8 жыл болды.  Газда предоплатамыз тұр. Сосын олар бізге айтты: үкімет тарапынан алатын болсақ, бұның айыппұлы төрт миллионнын үстіне шығып кетеді деп айтты. Өздері бастады: онда сіздер 500 мың теңге берсеңіздер, біз келісеміз, келтіріп береміз деді. Қарасаңыздар, өздері келіп, қиып, кәсіпкерлерді заң бұзуға апарып отыр ғой сонда.

Кәсіпкерлер бұған көнбеген соң, компания қызметкерлері келіп, кешенді газбен жабдықтау жүйесінен ажырататынын айтқан. Бірақ оны іске асыруға бизнес иелері жол бермепті. Ал тағы бір кешенді дәл осылай тексеріп келген газ қызметкерлері бірден көгілдір отыннан ажыратып тастаған.

Гүлназира Сапарова:

Әдейі күн суытқан кезде осылай етіп отыр. Бірі есептегіштің көрсеткішін жазып келем деп кеткенде, екіншісі қазандықта жалғыз қалды. Ай сайын келеді газ қызметкерлері, есептеп, төлейтін қаражатымызды айтады. Оны біз уақытылы төлейміз. Өзімізге де сол тиімді. Білмеймін, бәлкім, бұл  табыс табудың жаңа түрі ме екен. Қалайша осы күнге дейін тұрған пломба сынып қалады, түсінбедік. Енді прокуратураға шағымдануға мәжбүрміз.

Кәсіпкерлер өз құқықтарын қорғауға әзір. Алдымен «ҚазТрансГазАймақтың» жергілікті филиалының басшылығымен кездесіп, мәселені шешуге тырысқан. Одан нәтиже шықпаған соң, кәсіпкерлер палатасына үміт артып отыр.

Ирина Ким, Қызылорда облыстық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлердің құқығын қорғау бөлімінің басшысы:

Міндетті түрде қарап шығамыз. Қажет болса, кәсіпкерлер палатасы ғана емес, мемлекеттік органдар, прокуратура мен БАҚ өкілдері, заңгерлер мен қоғам  қайраткерлерінің қатысуымен өтетін кеңестің қарауына шығарамыз. «КазТрансГазАймақтың» жергілікті филиалының әрекетіне заң тұрғысынан баға беріледі.

«КазТрансГазАймақтың» жергілікті өкілдері, кейбір қызметкерлерінің кәсіпкерлерден ақша бопсалағаны жайлы деректі жоққа шығармады. Кінәлілердің жұмыстан қуылғанын айтты. Десе де өндірістік филиал басшылығы кәсіпкерлердің салынған айыппұлды төлеу керектігін жеткізді. Айтуынша, қомақты соманы азайтудың жолы да болған екен.

Қайсар Амангелдиев, "Қазтрансгазаймақ" АҚ Қызылорда өндірістік филиалы басшысының бірінші орынбасары:

Кәсіпкер бізге акт толтырылған соң, үш күн ішінде келгенде, біз ол актіні қарап, көрсетілген айыппұл сомасын қайта есептеттіретін едік. Мүмкін, айыппұл мөлшерін біраз түсіруге болар ма еді. Қазір ол 4 миллион 287 мың теңгені құрап тұр. Ал қазан айында Керуен сарайы кешенінің есептегіштерін тексерген кезде ондай кемшіліктер орын алмаған. Мүмкін, біздің қызметкерлер байқамаған болар.

Бүгінде кешеннің жұмысы тоқтап тұр. Отызға тарта адам жалақысыз қалды. Тағы бір кешеннің иелері газ компаниясының қызметкерлерін көгілдір отын жүйесіне жолатпауға тырысуда. "КазТрансГазаймақтын" жергілікті филиалы миллиондаған айыппұлды өтеу қажеттігін айтады, кәсіпкерлер палатасы өкілдері істің анық-қанығына жетеміз деп отыр.

Шарипа САҚТАПОВА