Русский Сайттың толық нұсқасы

Рио олимпиадасы тосын жәйттерге толы болды

  • AstanaTV
  • 23 тамыз 2016
  • 2509

Рио олимпиадасы аяқталғанымен, оның төңірегіндегі қызу әңгіме әлі де басылатын емес. 4 жылдықтың басты додасында 100-ге жуық рекордтар жаңарды. Бұл жолғы бәсеке барысы да тосын жәйттерге толы болғаны рас. Көңілсіз тұстары да баршылық, мәселен, француз жеңіл атлетшісі аяғын сындырып алды. Ал Солтүстік Кореяның гимнасты Хон Джон Юн ату жазасына кесілуі мүмкін деген ақпарат желдей есіп жүр. Осы және өзге де Рио олимпиадасында есте қалған кейбір тосын жәйттарды бір тізбектеп өтсек.

Олимпиадада спортшылардың жүлде ғана емес, жарақаттар да алып жататыны белгілі. Рио Олимпиадасында да осы сынды көптеген тосын жайттер орын алды. Француз жеңіл атлетшісі Самир Аийд гимнастикалық жаттығуы барысында аяғын дұрыс қоймағандықтан, 3 жерден сындырып алып, ауруханадан бірақ шықты. Ойынға енді қатыса алмайтынын білген ол 2020 жылы Токиода топ жарам деп уәде берді. Ал ең сорақы жаңалықтың бірі - Солтүстік Кореяның гимнасты Хон Джон Юнға қатысты. Ол өз елінде ату жазасына кесілуі мүмкін, деп шуласты көпшілік. Себебі спортшы бауырлас Оңтүстік Кореяның гимнастымен бірге селфи жасап, суретке түскен. Ал қос ел арасындағы бір біріне деген өшпенділік сонау 1950 жылдан бері жалғасып келеді. Сондықтан Солтүстік Кореяда оңтүстік көршілерінің азаматтарына жылы қабақ танытқандар қатаң жазаға ұшырайтыны жайлы заң бар.

Рио Олимпиадасы барысында аса ауыр жарақат алғандардың бірі - Нидерланды елінің велошабандоз қызы Аннемик ван Влютен. Жақсы нәтиже көрсетіп келе жатқан ол бұрылыс кезінде кенеттен тепе-теңдікті жоғалтып, жол жағалауына баспен соғылған. Салдарынан басы жарылып, омыртқасын 3 жерден сындырып алды.

Көңілді тұстарды да атай кетсек, Қазақстан қоржынына ауыр атлетикадан алғашқы алтын салған  Нижат Рахимов пен Қазақстан ауыр атлетика құрамасының бас бапкері Алексей Нидің «жеңіс биі» де көптің есінде ұзақ сақталары даусыз.

Ал көпшіліктің күлкісін келтірген жәйт ретінде эфиопиялық суда жүзуші Робел Хабтені атап өтуге болады. Ол мәреге  өзгелерден бақандай 15 секундқа кешігіп жеткен еді. Кейін белгілі болғандай, келбеті жүзушіге мүлде ұқсамайтын жігіт Эфиопияның Суда жүзу федерациясы басшысының ұлы болып шықты.