Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтөбедегі лаңкестік әрекетке қатысты сот үкімі шықты

  • AstanaTV
  • 28 қараша 2016
  • 2501

Бүгін Ақтөбеде теракт жасағандарға қатысты сот үкімі шықты. Лаңкестік әрекетке тікелей қатысы бар жеті адам өмір бойы бас бостандығынан айырылды. Олар - Бақыт Қуанышбаев, Асхат Иманғалиев, Ануар Садихов, Әлібек Ақпанбетов, Асхат Рахметов, Жаңабай Қуанышбаев, Арсен Таңатаров. Сотталушылардың бар мүліктері тәркіленіп, қатаң тәртіптегі абақтыға қамалатын болды. Сот үкімді 1 жарым сағат бойы оқыды. Судья сот алдында жауап беріп жатқан 29 адамның барлығына жаза кесті. Соның ішінде қылмысты құқыққорғау органдарына хабарламай, жасырғаны үшін екі айыпталушы ауыр жаза арқалады.

Илиада Досова, Ақтөбе облыстық соты баспасөз қызметінің басшысы:

Сотталушылар Жұбанов пен Абдрахмановқа 22 және 20 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған. Олар аталған баптармен кінәлі деп табылған. Жаза тағайындау кезінде жазасын жеңілдететін жасаған қылмыстарына өкінетінін, кәмелетке толмаған балалары бар екеніне байланысты, жанұя жағдайын, кінәсінің дәрежесін, ауыр зардаптар ескерілді.

Сот қылмысты біле тұра ақпарат бермеген 18 сотталушыны айыпты деп танып, 13-ін 6 жылға, төртеуін 4 жылға, біреуін 5 жылға бас бостандығынан айырды. Ал қылмыскерлерді жасырып, пәтер жалдап берген Мирлан Ердаулетов пен Үсен Өтепов 4 жылға абақтыға жабылды. Сотталушылар соңғы сөзінде өз әрекеттеріне өкінетіндіктерін айтқан, тек Гацаев ғана сот өкілінен өзін ақтап шығаруды сұраған. Лаңкестік әрекет бойынша іс бір айдан астам уақыт қаралды. Сотталушыларды 20-дан астам авдокат қорғаған. Сотқа 88 жәбірленуші мен 50 куәгер қатысқан. Осы уақытқа дейін сот жабық есік жағдайында өтті.

Айта кетейік, 5 маусым күні қарулы топ Ақтөбедегі «Паллада» және «Пантера» қару-жарақ дүкендері мен №6655 әскери бөліміне қарақшылық шабуыл жасап, 8 адам қаза тапты. Терроризмге қарсы бағытталған операция барысында 18 адамның көзі жойылып, 9 адам қолға түсті.   

Саламат ОМАШ