Батыс
Қазақстан облысында киікті заңсыз аулайтындар 5 есеге көбейген. Олардың
арасында полиция қызметкерлері де бар. Бірі браконьерлермен бірге бөкендерді
баудай түсірсе, енді бірі заңсыз ауланған киік мүйізін өзі саудалаймын деп істі
болған. Заңның жұмсақтығын білген браконьерлер де иен далада қырғын жасап жүр.
Мұндай деректерді аймақтағы табиғатты қорғау прокурорлары жайып салды. Еркін
Кариннің репортажында толығырақ.
Еркін
Карин, тілші:
Соңғы
үш жылда заңсыз киік аулау дерегі бес есеге көбейгенімен, ұсталғандардың ешбірі
сотталмаған. Тіпті қару-жарағына дейін кері қайтарылыпты. Жазадан оңай
құтылғандардың еркінсігені соншалық, киік аулағаны үшін істі болған біреу, екі
ай өтпей жатып, 50 дана жаңа кесілген киік мүйізімен қайта ұсталған.
Құзырлы органдар дерегінше, облыста киіктер көп шоғырланғасын, браконьерлер
көрші елден де келіп жатады. Әрі үлкен аумақта шашырай орналасқан киіктерді
қызғыштай қору әзірге мүмкін емес.
Аслан
Жаңатауов, БҚО мамандандырылған табиғатты қорғау прокуроры:
Қорғалатын аумақтың кеңдігі, техника жағынан
да бар, мамандар да жетіспейді. Осы өзінің септігін тигізуде. 2014 жылы 4
қылмыс болса, биыл, 2016 жылы, 19 қылмыс. Осының өзі киікке қатысты заңсыз
аңшылықтың өсу көрсеткіші. Бірлесіп қалай жұмыс жасау керек екенін, қай жерде
киік мүйізі сатылатыны, ол жақтан мүлдем жұмыс жоқ.
Заңсыз
киік аулағандардың ішінде полиция қызметкерлері де бар, дейді прокурорлар.
Ұсталған браконьердің көлігінен табылған 149 киік мүйізді кемітіп көрсеткен
полицей қалған 100 мүйізді өзі сатпақ болыпты. Осындай заңбұзушылықтардың жолын
кесу үшін киіктерге спутниктік қарғы бау орнатыла бастады. Бірақ қаскөйлер
осындай құрылғы тағылған киікті де атып алыпты.
Талғат
Ілиясов, БҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының
бөлім басшысы:
Таққан қарғының нөмірлері бар, бір қарғы
Атыраудан табылған жері болып тұр ғой. Киікті атып алып, Атырауға асып кеткен болып тұр ғой. Қарғыны
жолдағы қоқыс жәшігіне тастап кеткен. Жігіттерді жіберіп, олар барса, қоқыс
жәшігінде жатыр дейді.
Биыл
5 киікке қарғыбау тағылса, келер жылы тағы 20 қарғыбау салу жоспарланып отыр.
Бұл құрал арқылы жануарлардың қозғалысы ұдайы бақыланады.
Альберт
Салемгареев, «Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығы» РҚБ техникалық
үйлестірушісі:
Осы
чиптің көмегімен киіктердің қозғалысы мен мекендейтін жерін дәл анықтадық.
Осылайша Қостанай мен Ақтөбе облыстарының резерваты мен Ырғыз-Торғау резерватының аумағы ұлғайды. Бұған дейін бөкендердің Торғайдың оңтүстік
бөлігіне шоғырланғанын білмей келген едік.
Еркін
Карин, тілші:
Енді
браконьерлерден тәркіленген техникалар киік қорушы инспекторларға беріледі.
Осындай бастама көтерген прокуратура браконьерлердің құралдарын өздеріне қарсы
қолданбақшы. Айта кетейік, Батыс Қазақстан облысында мекендейтін киік саны бүгінде
бар болғаны 70 мыңнан асады.
Еркін
КАРИН