Русский Сайттың толық нұсқасы

Еліміздің әр өңірінде ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай мерекелік шаралар басталды

  • AstanaTV
  • 30 қараша 2016
  • 3815

Ертең Қазақстанның Тұңғыш Президенті күні. Еліміздің әр өңірінде осы мерекеге орай түрлі шаралар өткізу дәстүрге айналып келеді. Бұл күннің ерекшелігі қандай? Әріптесім Айбек Қосан біліп көрді.

«Елі сүйген, Елін сүйген - Елбасы». Шымкентте осындай атаумен фотокөрме өтті. Экспозицияға жетпіске жуық  фотосурет қойылған. Мұнда президенттің бұрын-соңды көпшілік назарына ұсынылмаған суреттері де бар. Құнды дүниелер жергілікті фотографтардың мұрағаттарынан табылған. Мына ақ-қара түсті сурет көптің көзіне түсті. Ол үш жүздің басы қосылған Ордабасы тауының басында 1993 жылы үш елдің президенті бас қосқан сәттегі суреттер. Бір күннің өзінде алты жүздей адам көрмені тамашалап үлгерген.

Айнабек Оспанов, ОҚО бейнелеу өнері музейінің директоры:

Жастарды, өнерсүйер қауымды, мектептің жасөспірімдерді отансүйгіштікке тарту. Ағым көп, ағымнан сақтау. Сонан кейін өнерді құрметтеу, аталардың жүріп өткен жолын, соны көрсін деп жатырмыз енді біздің ұрпағымыз.

Ал Алматыда 1 желтоқсанда дүниеге келген балаларға Нұрсұлтан есімін беру дәстүрге айналып келеді. Осылай деген мамандар ертең де президенттің аттастары көбейетініне сенімді.

Әсел Бисенбаева, Алматы қаласы денсаулық сақтау басқармасының ана мен бала денсаулығын қорғау бөлімінің басшысы:

2015 жылдың 1 желтоқсанында біздің шаһарда 99 бала дүниеге келді. Оның 44-і ұл, 55-і қыз бала. Бұл күні ең көп қойылатын есімдердің көш басында Нұрсұлтан аты тұр. Одан кейін Айсұлтан, Сұлтан, Нұрдәулет деген сәбилерді де кездестіреміз. Ел егемендігімен байланыстырылып қойылады көбіне.

Мереке қарсаңында астаналықтардың да көңіл-күйлері көтеріңкі. Тұрғындар атаулы күннің өзіндік маңызы бар екенін айтады.

Қазіргі көптеген Еуропаның, шетелдің мемлекеттерімен баяғы 90 жылдармен салыстырғанда терезесі тең мемлекет дәрежесінде болуымыз ол тікелей бірінші Елбасымыздың арқасында деп білеміз.

Жиырма бес жылда, өзіңіз көріп тұрсыз, Астанадай үлкен қала салды. Ол өзі президент болмағанда, екінің бірінің қолынан келмейді ол. Осының бәрі президенттің еңбегі. Көп жасасын.

Айбек Қосан, тілші:

Президент күнінде елдің әр аймағында түрлі шаралар болады. Ал Астанада ертең Тәуелсіздік сарайында мемлекет басшысының қатысуымен республикалық жастар форумы өтпек. Жиынға еліміздің әр өңірінен 1000-ға жуық белсенді, шығармашыл, білімді жастары келеді деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар, форумға Парламент депутаттары, Ассамблея өкілдері мен саяси партиялардың мүшелері де шақырылған.

Айбек ҚОСАН, Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ, Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ