Русский Сайттың толық нұсқасы

Павлодарда көлік тұрағындағы талас қарулы қақтығысқа ұласты

  • AstanaTV
  • 10 қаңтар 2017
  • 3298

Павлодардағы атыс көлік тұрағындағы орынға таластан тумаған болмауы мүмкін. Қарулы атыстан жарақаттанған азамат тергеу барысын қиындату үшін жалған ақпарат берген. Ішкі істер департаменті осындай мәлімет таратты. Ал оқ  атқан екеу ұсталды. Сақшылардың айтуынша, жәбірленуші бұрын сотталған, әрі күдіктілермен таныс болып шыққан. Оқиғаның мән-жайын Әсемгүл Мұхитқызы тарқатады.

Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:

Қарулы атыс Павлодардағы бизнес орталықтың бірінің алдында болған. Полицейлердің ақпарынша, оқиға кеше кешкісін сағат 6-лар шамасында болған. Екі азаматтың арасында туындаған дау оқ атумен аяқталды. Қазір оқиға орнында сорғалап аққан қанның іздері ғана жатыр. Бұл жайтқа қатысты «Бұзақылық» дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сақшылар қалада «Тосқауыл» жоспарын жариялап, оқиға орнынан ізін суытқан қара түсті «Лексус» көлігіне іздеу салған болатын. Белгілі болғандай, бірер сағат бұрын атысқа қатысы бар деген күдікпен екі азамат ұсталды. Олардан көлік пен қару да тәркіленді.

Баян Мағзұмова, Павлодар облыстық ІІД баспасөз хатшысы:

Ол өзінің көлігіне отыруға бара жатқанда, оған қарсы белгісіз адам шығып, көліктерді жөндеп қоймағаны үшін екеуінің арасында жанжал шыққан. Сол жанжал салдарынан күдікті қалтасынан бір нәрсе алып, бетіне атқан. Ол еңкейген кезде арқасына да тиген.

Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:

Анықталғандай, осы жауабы арқылы жәбірленуші болған жайтты жасырып, тергеу барысын қиындатпақ болған. Ішкі істер қызметінің мәліметінше, өзіне қару кезеңгендермен таныс көрінеді. Және қақтығыста ол да оқ атты деген болжам бар. Айта кетері, жараланған жігіт бұған дейін бернеше рет сотталған. Жарақат алған - 33 жастағы Павлодар қаласының тұрғыны. Анықталғандай, ол медициналық мекемеге такси ұстап, өзі келген. №1 аурухананың қабылдау бөлімінде жарақаты өңделіп, науқас нейрохирургия бөлімшесіне жатқызылды. Травматикалық қарудан атылған оқ оның беті мен арқа тұсына тиген. Дәрігерлер жәбірленушінің жағдайын орташа деп бағалап отыр.

Алмас Тоқышев, Павлодар қалалық №1 ауруханасының баспасөз хатшысы:


Бүгінгі таңда жағдайы қанағаттанарлық. Орташа ауыр жағдайда. Есі анық науқастың. Барлық емді қабылдап жатыр.

Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:

Жәбірленуші ауруханадан жазылып шыққан соң тараптардың түсініктері  қайта қаралып, нақты құқықтық баға беріледі,- делінген ішкі істер департаменті таратқан ақпаратта. Істің ақ-қарасын анықтау үшін бұл іске кешенді сараптама тағайындалды. Оқиға орнынан алынған бақылау камераларындағы жазба да зерттеліп жатыр.