Русский Сайттың толық нұсқасы

Үш тілде білім беру жобасының барысы қалай?

  • AstanaTV
  • 06 желтоқсан 2016
  • 3344

Қазақстан үш тілде білім беру жобасын енгізуде Еуропа елдерінен 25 жылға артта қалып қойған. Бұл туралы Білім және ғылым министрлігіне қарасты «Ақпараттық-талдау орталығының» президенті Серік Ырсалиев мәлімдеді. Жыл сайын 1500-дей ұстаз жаңа бағдарламаға сай білімін жетілдіреді екен. Бас аяғы 1 айдай білімін толықтырған ұстаздар шәкірттерге ағылшынша сабақ беруге қауқарлы ма? Дәуренбек Бағдәулет зерттеп көрді.

Биылдан бастап 700-ге жуық мектепте информатика, физика, химия және биология пәндері ағылшын тілінде оқытылып жатыр. Білім жетілдіру курсынан өтіп, ағылшынша сабақ беруге кіріскендердің бірі - атыраулық Лаура Хасенова. Негізгі мамандығы ағылшын тілі мұғалімі болса да, сырттай оқып екінші мамандық алған. Қазір қазақ және орыс сыныптарына географиядан сабақ береді. Ұстаз уақытының көбі оқулықты ағылшын тіліне аударумен өтіп жатқанын айтады.

Лаура Хасанова, география пәнінің мұғалімі:

Ағылшын тілінде кітаптармен жабдықталмаған. Әлі қазақ сыныптарында да, орыс сыныптарында да. Кітапты тек қана өзіміз аударып, балаларды оқытып жатырмыз. Әзірше біздер лекция күйінде жүргізудеміз. Балалар 100 пайыз түсінбесе де 80-90 пайыз түсінеді деп ойлаймын.

Олжас Молдабаев, оқушы:

Қиыншылығы - ағылшынша  есептер келеді, соны түсінбейсің, мысалы, физикадан, өте қиын болады. Сол қиыншылығы, географияда да сондай.

Бұл 1400-ге жуық оқушы білім алатын Тараздағы маңдай алды мектептердің бірі. 138 жылдық тарихы бар оқу ордасындағылар мұндай реформа болатыны үш ұйықтасақ түсімізге кірмеген деп отыр. 3 айдан бері физика пәнін ағылшын тілінде оқытып жүрген ұстаздар экпериментке етіміз үйрене алмай қойды дейді.

Гүлмира Томашова, физика пәнінің мұғалімі:

Жұмыстан босап, кешке жақын ағылшын тілінен курсқа барып жүрмін. Сол курста мен тек қазір ағылшын тілді үйреніп жатырмын. Ал, физиканы ағылшын тілінде беру өте күрделі деп санаймын. Неге десеңіз, өйткені бәрібір ағылшын тілінен беретін мұғалім. Физиканы, техникалық пәнді, терминдерін білмейді.

Үш тілді білім беруді жылдам игеріп кеткендер де жоқ емес. Алматыдағы №175 гимназияның ұстаздары жаңа жүйе жақсы қалыптасқан деген пікірде. Балалар да айтылған ағылшынша сабақты құлақтарына құйып алады екен.

Айжан Қопабаева, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі:

Жас ерекшелігіне байланысты айтатын болсақ, бала ол ағылшын тілі болсын, орыс тілі болсын, ағылшын тілі болсын, өз тіліндей қабылдайды. Ағылшын тілін бұрынғы кітаптармен салыстырсақ, өте жақсы қамтылған. Логикалық тапсырмалары бар, тыңдалым, дискімен бірге. Балалар тез алып кетіп жатыр.

Білім және ғылым министрлігіндегілер асықпай, аңдап басып, жыл сайын ұстаздарды шетінен жаңа жүйеге бейімдеп оқытып алмақ. Ол үшін шет елдерден 8 білікті маман шақыртылған. 1 айда ұстаздардың білімі толысып кетпейтінін мойындайды. Сондықтан өзге де жоспарлар жоқ емес.

Дархан Ахмед-Зәки, ҚР БҒМ жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры:

Әрине, 1 ай мерзім тілдік деңгейді көтеруге жеткіліксіз. Барлығы бірден жақсы болып кетпейтінін алдын ала білдік. Сондықтан 1 айлық біліктілікті арттыру курстарын ағылшын тілінде алғы шарттары бар ұстаздарға үйреттік. Олар оқушылардың білімін бастапқы деңгейден ең болмаса тағы 1 деңгейге көтерсе дейміз.

Дәуренбек Бақдәулет, тілші:

Деңгейлеп көтермек болып отырған білім жүйесіне үлес қосу үшін, келер жылы шет елден тағы 78 маман шақыртылады. Оларды бюджет есебінен қаржыландыру көзделген. «Болашақ» бағдарламасы арқылы шет елде оқып келген кей жастардың ұстаздарға ағылшынша үйретуге тәжірибесі жетпеуі мүмкін. Дегенмен олар да бұл істен шет қалмақ емес. Ал, келер жылдан бастап педагогика мамандығын таңдаған студенттер 3 тілде сабақ бере алатындай, жаңа жүйемен білім алатын болады.