Русский Сайттың толық нұсқасы

Қос боксшыға олимпиаданың «алтын» медаль иегеріне берілетін сыйақы табысталды

  • AstanaTV
  • 08 желтоқсан 2016
  • 2349

Рио олимпиадасының күміс жүлдегерлері Әділбек Ниязымбетов пен Василий Левит алтын  медаль иегерлеріне берілетін сыйлықтарға ие болды. 26-шы тамызда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев спортшыларды марапаттау рәсімінде қос боксшыны «алтын» жүлдеге лайықты сыйлықпен марапаттау туралы жарлық шығарғанын айтқан еді. 

Бүгін осы шараны Ұлттық спорт комитетінің төрағасы Тимур Құлыбаев жүзеге асырды. Спортшылар бұған дейін  "күміске" берілер 150 мың доллар алған болатын.  Енді қос спортшыға тағы 100 мың доллар, яғни 34 миллион теңге табыс етілді. Тимур Құлыбаев құттықтау сөзінде қос спортшының шын мықты екенін барша қазақстандықтар  біледі деді.

Тимур Құлыбаев, Ұлттық спорт комитетінің президенті:

Сендер ел намысын төмен түсірген жоқсыңдар. Левит нағыз спортшыға тән қылық көрсетіп, қарсыласын сыйлай білді. Дегенмен халықаралық сарапшылар Василий жеңіске жетті деп отыр. Әділбек өзінің табандылығының арқасында екінші мәрте күміс жүлдегер атанды. Мұны ел біледі. Сондықтан сендерді «алтынға» лайық деп есептейміз.

Рио олимпиадасында қазақстандық Левит пен ресейлік Тищенко арасындағы кездесу біраз дау тудырғаны ел есінде. Ал, Әділбек Ниязымбетов шешуші кезеңде қарсыласқа есе жіберген болатын.  Қос боксшы да халықтың шынайы бағасынан артқан жеңіс жоқ деп, алғысын білдірді.

Әділбек Ниязымбетов, Рио олимпиадасының жүлдегері:

Василий екеуміздің күмісімізді алтынға теңеуі - үлкен қуаныш. Және ол халықтың қолдауы, бәрінің қолдауымен осындай марапатқа ие болып отырмыз.

Василий Левит, Рио олимпиадасының жүлдегері:

Елбасына, Тимур Асқарұлына, барша Қазақстан халқына зор алғысымды білдіремін. Бізге өзіндік бағасын беріп жатыр.  Бұл бізге жауапкершілік жүктейді.