Русский Сайттың толық нұсқасы

Тұрмысы төмен 2 мыңдай отбасы балалары демеушілердің қаржысына мектепке дайындалуда

  • AstanaTV
  • 25 тамыз 2016
  • 2954

Жаңа оқу жылы қарсаңында Қызылордада 2 мыңдай отбасы балаларын мектепке дайындай алмай отыр. Олар қала билігінен жәрдем сұрайды. Сондай жандардың бірі Айгүл Нұрманова біздің арнаға хабарласты. Жалғызбасты әйел қайырымды жандар қол ұшын созса дейді. Айтуынша, 4 баласын мектепке дайындауға шамасы жетер емес.

Нан мен қара шәйді қанағат еткен Алпамысовтар отбасында жеті бала бар. Үлкені 10-ға толса, кенжесі - он айлық. Отағасы қиындықтарға шыдамай, отбасын тастап кеткен. Үкімет тарапынан балаларға берілетін жәрдемақыға баспана жалдап отырған жанұяға ішіп-жемді көбіне қайырымды жандар жеткізеді. Көршілердің бірі нан, бірі сүт әкеп берсе, балаларға бүтін киімді де сол жомарт жандар беріп тұрады екен. 29 жастағы ананы қинайтын мәселе басқа.

Айгүл Нұрманова, көп балалы ана:

12 мың теңге ақшаны ия пәтерге төлерімді, ия тамақ әперерімді білмедім. Кішкентай баламен ешқандай жұмыс істей алмаймын. Балдарыма сабағына ең болмағанда сумкалары болса да, аяқ киімі болса да - мен қазір қатты қиналыс, қиын жағдайда тұрмын.

Отбасының үлкені Диана бесінші сыныпқа  өтті. Үлгерімі жақсы,- дейді анасы. Одан кейінгі балалары 3-ші, 2-ші, ал төртіншісі даярлық сыныбына бармақшы. Мектеп ұжымы үш баланы қажетті оқулықтар мен мектеп формаларымен қамтамасыз еткен. Ал өзге керек-жарақ анасының мойнында.

Диана  Алпамысова:

Мұғалім болғым келеді. Сөйтіп, мамама демеу боламын. Қазірде мамаға көмектесемін. Үй жинаймын, балаға қараймын. Мен 1 қыркүйекте ешкімнен қалғым келмейды, бәрімен бірге барғым келедІ. 

Қала бойынша мектепке даярлығы жоқ 2 мыңдай отбасы еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне көмек сұрап, өтініш жолдапты. Жауапты мекеме өкілі демеушілердің жәрдемдесіп жатқанын айтты.

Бибігүл Баратова, Қызылорда қалалық еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің  өкілі:

Оларға кәсіпкерлердің демеушілігімен сегіз миллион теңгеге көмек көрсетілді. Атап айтсақ, «Мектепке жол» акциясы бойынша мектеп құралдары мен киім-кешектермен көмек көрсетіліп, жеткізіліп жатыр. Бұл акция 1 тамыз бен 30 қыркүйек арасында жалғасын табады. Тұрмысы төмен Нұрманова Айгүлгеде дәл осындай көмек демеушілер тарапынан көрсетіледі. 

Ал қатарластарынан қалмай, мектепке барғысы келетін Алпамысовтар отбасындағы бүлдіршіндер қайырымды жандардың жолын тосып жүр. Мектепке қажетті заттар мен киім-кешекке қолы жетпей тарыққан отбасы көмек боларынан  үмітті.

Шарипа САҚТАПОВА