Павлодар
трамвай басқармасында 45 млн теңгенің мақсатсыз жұмсалғаны анықталды. Кәсіпорында ішкі кереғарлыққа байланысты
дау шықты. Компания қожайыны болып табылатын «Павлодар» әлеуметтік-кәсіпкерлік
корпорациясы» жүргізген аудит бірталай шикіліктің бетін ашқан.
Басты
талап - қауіпсіздік. Бұл трамвай басқармасының қожайыны «Павлодар»
әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» басшылығының негізгі ұстанымы. Даудың
өзегі - қосалқы заттар. Корпорация өкілдерінің пайымынша, құрылғылар тиісті
құжатсыз сатып алынған. Ал, мұның арты күрделі жағдайға әкелуі әбден мүмкін.
Ерлан
Тілеуғабылов, «Павлодар» ӘКК» ҰК» басқарма төрағасының орынбасары:
Біріншіден,
бұл қозғалыс қауіпсіздігі. Егер сертификатталмаған қосалқы заттар сатып алынса,
бұл Алматыда болған жағдайдың қайталануына әкелуі мүмкін. Сондықтан алдын
алуымыз керек. Жолаушылар қауіпсіздігі үшін, бұл материалдарды қозғап, қарауға
тура келді.
«Әлеуметтік-кәсіпкерлік
корпорация» 2012 жылдың желтоқсанында жүргізген ішкі аудит қорытындысына
сәйкес, «Фортунова» фирмасы трамвай басқармасына 900 ағаш шпалды сатқан. Бұған
3 жарым млн теңге жұмсалыпты. Сондай-ақ, компаниядан алынған тағы 900 рельсте
тиісті құжат болмаған. Мұндай сертификаттар «Петроснаб» серіктестігінен 6 млн теңгеге алынған 80 дөңгелектің құрсауы
мен 5 жарым млн-ға бағаланған 20 дөңгелектің белағашында да жоқ болып
шықты.
Әсемгүл
Мұхитқызы, тілші:
Сондай-ақ,
биылғы мемлекеттік аудиттің қорытындысына сәйкес, трамвай басқармасы
«СтройБиоСервис» серіктестігімен де жұмыс істеген. Бұл фирмадан рельстер,
бұрамдамалар, жез біріктіргіштер, жол балдақтары мен өзге де қосалқы заттарды
алған. Бірақ бұлардың ешқайсысында тиісті қағазы жоқ. Шарттасқан соманың
көлемі 31 млн теңгеден асып жығылады.
Ревизиялық
комиссия өкілдері басқа да шикіліктер болғанын айтты. Трамвай басқармасы
мемлекеттік активтерді пайдалануда көптеген заңбұзушылықтарға жол берген.
Тіпті, жұмыскерлерді ынталандыруда да олқылықтар бар. Тексеріс кезінде 45 млн
теңге мақсатсыз жұмсалғаны анықталды.
Алма
Мұқатова, Павлодар облысы бойынша ревизиялық комиссияның бөлім басшысы:
Жеңілдігі
бар жолаушыларға бөлінетін субсидиядада кереғарлық бар. Келісімшарт белгілі бір
сомаға жасалған. Алайда, шын мәнінде жұмсалған қаражат оған сәйкес келмейді.
Тасымалданған жолаушылардың нақты саны ескерілмеген.
Мұнан
кейін «Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация» тасымалдаушы кәсіпорынның басқарма
төрағасы Александр Крисамен келісімшартты бұзды. Алайда, тамыздың 5-нде ұлттық
компанияның директорлар кеңесі, жергілікті әкімдіктің қолдауымен оны «Трамвай
басқармасы» директорлар кеңесінің құрамына қайта енгізді,-дейді Ерлан Тілеуғабылов.
Мұнымен келіспеген әлеуметтік корпорация сотқа төрт бірдей шағым түсірген.
Олардың дерегінше, Александр Криса
2010-13 жылдар аралығында трамвай басқармасын қосалқы бөлшектермен
жабдықтап отырған «Петроснаб» серіктестігі директорының орынбасары қызметін
атқарған.
Александр
Криса, «Павлодар қаласы трамвай басқармасы» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі:
Мен 2014 жыл тамызда бұл компанияны сатып алдым. Фирма диодттық жарықтандырумен
айналысады. Ол трамвай басқармасымен ешқандай бірлескен жұмыс атқарған жоқ.
Бәрі заңды.
Павлодарда
трамвай қозғалысы 1965 жылдан бастап жұмыс істейді. Қоғамдық көліктің бұл
түріне бүгінге дейін сұраныс жоғары. Желідегі 112 вагон, он бес бағыт бойынша
тұрғындарды тасымалдайды. Кәсіпорынның онсыз да проблемасы шаш етектен. Материалдық-техникалық база сын көтермейді. Парк толықтай жаңартуды талап етеді. Енді бұған
жаңа дау-дамай қосылды.
Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ