Русский Сайттың толық нұсқасы

Баспана жалдау нарығындағы ахуал қандай?

  • AstanaTV
  • 26 тамыз 2016
  • 3139

Баспана мәселесі Елорда тұрғындары үшін әлі де өзекті күйінде қалып отыр. Бас қалада өз пәтері бар адам төрт құбыласы түгел жандардың қатарынан саналады. Бірақ Астанада жұмысы болғанымен, үйі жоқ азаматтар саны олардан әлдеқайда асып түседі. Амалсыздан пәтер жалдап күнелтетін де солар. Ал баспана жалдау нарығындағы ахуал қандай? Тілшілеріміз зерттеп көрді.

Халқының саны жуырда миллионыншы тұрғынмен толыққан Астанада көшеде кезіккен әрбір екінші адамнан, шешілмей тұрған мәселеңіз қандай, деп сұрасаңыз, басым бөлігі "баспана жайы" екенін алға тартады. Сұраныс бар жерде пәтерді жалдау ақысы жоғарылайтыны белгілі. Ал күз келгенде, Елордада баспана жалдау құны әдеттегіден шарықтай түсетінін байқайсыз. 

Риэлторлар табу керек. Оларға процентін беру керек. Квартираны 100 мыңға тауып берсе, 10 пайызын алады. Ал егер осы студенттер келген уақытта болса, олар одан көп те сұрауы мүмкін. 

Жайлы пәтер іздеген адамның жалға берушінің өзіне жетуі қиынның қиыны. Себебі делдалдар қаптап жүр. Ортада жүріп екі жақты келісімге келтіргені үшін сізден де, үй иесінен де тиесілі пайызын алады. Тек олардың барлығы бірдей заң аясында жұмыс істеп жүр дегенге сену қиын. 

Марат Якупов, риэлторлық компанияның директоры:

Риэлтор компанияның атынан өзіне берілген сенімхатты көрсетуі керек. Жұмыс орны, жеке мәліметтері мен лауазымы көрсетіледі. Келісім жасасқанда, сізге тұрғын үй тауып берген мекеменің мөрі басылуы маңызды. Себебі баспана иесі мен жалға алушы арасында түсініспеушілік орын алса, компания куәгер ретінде жауап береді.

Пәтер жалдау көрсеткіші бойынша бірнеше қаланы салыстырып көрелік. 1 бөлмелі баспананы орта есеппен Павлодар қаласынан 45-50 мыңға, Шымкентте 55-60, Қарағандыда 60-65, Алматыда 70-75, ал Астанада кем дегенде  90 000  теңгеге таба аласыз.

Ел астанасында жалға берілетін пәтерлер саны 21 мыңнан асады екен "Крыша кз" сайтының ақпараты осындай. Бөлме саны мен орналасқан ауданына баға да әрқилы. Ал бағаның  маусымына қарай өзгеріп тұруы адами факторларға байланысты. Яғни әрбір қожайын қалауына қарай құн сұрауға құқылы. Бұл бизнесте оңай ақша тапқысы келетіндер өте көп. Заңсыздыққа барғандар жазасыз қалмайды, әрине.

София Қылышбекова, Астана қаласы ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі:

Алаяқтық факт орын алатын болса, бұл ҚР Қылмыстық кодексінің 195 бабы, яғни алдау арқылы мүліктік зазал келтіру бойынша қаралады. Бұл баптың санкциясы 300 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады немесе 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
 
Жақсыбек Аимбетов, заңгер:

Олар квитанция, чек барлығын алуы керек. Ақшасын беріп жатқан соң, сұрасын. Егер пәтер иесі бере алмаймын десе, қолхат жаздырып алған дұрыс. Осынша ақшаны алдым деп. Өйткені ертең үй иесі айтуы мүмкін, ешқандай ақша берген жоқпын  деп. Сол уақытта қалай дәлелдейді?

Пәтерді заңсыз жалға беру күн тәртібінен еш түспей келе жатқан тақырып. Астана қалалық мемлекеттік кірістер департаментінің дерегі бойынша қазір Елордада тұрғын үй қоры 238 мың пәтерді құрайды. Осы баспаналардың шамамен 10%-дайы жалға беріледі. Заңды түрде беріліп, салық түсіретіні 9,7 мыңдай пәтер, өзге 14 мыңы көлеңкеде. Мұндайларды болдырмау үшін, жергілікті полиция, пәтер иелері кооперативі Астана қалалық әкімдігімен бірлесе жұмыс атқаруда. Нәтижесі жаман емес.

Ержан Бектібаев, Астана қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің бөлім басшысы:

Жыл басынан бері 550 факт анықталды. Оның 224-і жеке кәсіпкер ретінде тіркелді мемлекеттік кірістер органдарына. Қалған 177-і жеке тұлға ретінде салық есебін тапсырып 18,5 миллион теңге салық төледі бюджетке.

Жалға пәтер алуда  келеңсіздіктен аулақ болу үшін, өзара тиімді келісімшарт жасасу маңызды. Ал пәтерін заңсыз түрде жалға беретіндерді анықтап, бұл мәселені бір жүйеге келтіру қажеттігі әлдеқашан туындаған.  Баспана мәселесін нысанаға алғанда пәтерді жалға беру қызметінде жаңа ұсыныстың пайда болғанын байқадық. Крыша кз сайтының мәліметінше, елордалық қонақ үйлер де дәл осы кәсіпке шындап кіріспек ниетте. Мәселен, бір бөлменің құны шамамен 80 000 теңгені құрайды делінген. Бұл бағаның ішіне уай фай желісі, кабельді телеарна, коммуналды қызмет, кондиционер және аптасына бір мәрте тазалық жұмыстарын қоса кіреді. Аталған жаңашылдық қаншалықты сұранысқа ие болады? Біз бұл тақырыпқа алдағы уақытта тоқталатын боламыз.