Русский Сайттың толық нұсқасы

Қарағанды облысында шағын мектептерге қолдау көрсету қолға алынбақ

  • AstanaTV
  • 26 тамыз 2016
  • 1845

Қарағанды облысында биылдан бастап шағын мектептерге қолдау көрсетілмек. Яғни оларды орта мектептерге тіркеу жоспарланып отыр. Бұл туралы аймақ педагогтарының тамыз конференциясында белгілі болды. Ресми мәліметке сүйенсек, облыстағы 523 білім ошақтарының жартысына жуығын шағын мектептер құрайды. Мұнда оқушылар саны аз, тіпті кейбірінде бірнеше сыныптың оқушылары сабақты бірге оқиды. Оның үстіне жекелеген пәндерде ұстаздар тапшы.

Асхат Аймағамбетов, Қарағанды облыстық білім басқармасының бастығы:

Шалғай ауыл мектептерінде 372 педагог жетіспейді. Оларды дайындау үшін, аталған жобаны іске асыру үшін, бюджеттен қаржы бөліну қажет. Өйткені «Дипломмен ауылға» секілді бағдарламалар мәселені шеше алмады. Сондықтан ауылдан шыққан түлектермен келісімшарт жасасып, жас мамандарды қайтадан өз ауылдарына 5 жылмен жұмысқа орналастыру қажет.

Мектептерде жаңа озық технологияларды меңгеруге ерекше көңіл бөлініп отыр. Дарынды балаларға арналған білім ордаларында оқушылар робот құрастыруды да үйренген. Балалар бұл жетістіктерін арнайы көрмеде көрсетті. Ақпаратты технологиялар мен үш тілді оқу бағдарламасы біртіндеп барлық мектептерге енгізілмекші. Ал, келесі жылы барша қарағандылық оқушылар электронды күнделік пайдаланатын болады.

Нұрмұхамбет Әбдібеков, Қарағанды облысының әкімі:

Мінсіз мектеп моделін бірлесіп дайындау міндеті тұр. Мектептегі білім берудің бірыңғай жаңартылған стандарты енгізілуде. Ол әлемдегі ең үздік әдістемелер бойынша дайындалып, ойлау мен функционалды сауаттылықты дамыту және білу біліктілігін қалыптастастыруға бағыттау болып табылады. 

Айжан ҚУАШ