Русский Сайттың толық нұсқасы

Атырау қар құрсауында қалды

  • AstanaTV
  • 08 ақпан 2023
  • 1788

Атырауда бір тәулікте бір айлық мөлшердегі қар түсіп, қала толықтай қар құрсауында қалды. 33 елдімекен мен мөлтекауданда жарық өшті. Әлі де электр энергиясыз отырғандар бар. Өңірден Базаргүл Нәдірқызы.

Автокөлік жолы тазаланбағандықтан бірнеше бағыт бойынша қоғамдық көлік тоқтады. Республикалық маңызды Атырау-Ақтөбе трассасы жабылды. Мектеп пен колледж онлайн оқуға көшті.

10-12 сағатқа дейін жарық болмағандықтан, жылу қуаты да төмендеп, тұрғындар жылынар жер таппай қалды. Қаладағы коммуналдық қызмет күшейтілген режимде жұмыс істегенімен, үлгермей жатыр. Қалтарыс көшелер мен жаяу жүргіншілер жолын айтпағанда, негізгі автокөлік жолдары тазаланып біткен жоқ. 78 техника мен 300 жұмысшы қала көшелерінен екі мың шаршы метр қар шығарған. Алайда әлі де әрбір жерде қарға батқан көлік көп.

- Қарды осынша күтіп едік, енді аяқ алып жүре алмай қалдық. Тіс дәрігеріне барып едім, жолды мүлдем тазаламаған. Жұмыс мүлдем жасап жатқан жоқ. Нөл қоямын.

- Әкімдік не ойлап отыр білмеймін, ең болмаса жолды тазаламай ма? Бір күн қар жауды, табиғи апат секілді. Қазір техниканың бәрі жекенің қолында, оларды жұмысқа тарту үшін ақша керек. Ал бұрын техника көп болатын.

Полицейлер бір тәулікте қарға батқан 80-нен астам көлікке көмектескен. 30-ға тарта жол көлік оқиғасы тіркелген.

Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Тек бір тәулікте 140 адам жарақат алып, дәрігер көмегіне жүгініпті. Жағдайды оңтайлы пайдаланған такси жүргізушілері ақыны екі есе қымбаттатып жіберді. Әкімдік ірі компаниялардан техникалық көмек сұрап жатыр. Өйткені мамандар алдағы 4-5 күнде тағы осынша қар жауады деп хабарлауда.

Б. Нәдірқызы