Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Екібастұз қаласына жұмыс сапарымен барып, ЖЭО жұмысымен және тұтынушыларға жылу беруді қамтамасыз ету барысымен танысты.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Үкімет пен Павлодар облысының әкімдігі пәтерлерде және қаланың әлеуметтік нысандарында температуралық режимді тұрақтандыру бойынша кешенді шаралар қабылдап жатыр.
Премьер-министрдің бірінші орынбасары Екібастұз ЖЭО-да болып, тәулік бойы жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатқан учаскелерді аралады. Бүгінгі таңда 5 қазандық агрегат және 11 желілік сорғы жұмыс істеп тұр. 5 қазандық пен 3 сорғы жөнделіп жатыр. Қазандықтар жылу өтетін жерлер жөнделіп жатқандықтан тоқтап тұр.
Желілерде 19 ақау тіркелді, оның ішінде 9-ы – магистральдық желілерде, 10-ы – квартал ішіндегі желілерде. 26 көп қабатты тұрғын үйге бірнеше жылдан бері жылу қалыпты нормадан төмен берілуде. Мәселені шешу үшін мамандар ішкі жылумен жабдықтау жүйелерін, жеткізу желілерін тазалап, жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Р. Скляр жылумен жабдықтаудағы туындаған проблемалар Үкімет деңгейінде емес, объектінің меншік иесі деңгейінде шешілуі керек болғанын атап өтті. Осыған байланысты Р. Скляр «ОАӨЭК» АҚ иелерінің бірі Сергей Канның алдына «Павлодарэнерго» АҚ бас директоры Вадим Лесинді жұмысынан босату туралы мәселе қойды.
ЖЭО иесіне екі күн мерзімде қажетті бумен қамтамасыз ету бойынша Жол картасын әзірлеу, сондай-ақ жөндеу жұмыстарын орындау үшін материалдар мен жабдықтарды жеткізуді жеделдету тапсырылды. Ал Екібастұз қаласының әкімдігіне үйлерді ыстық сумен қамтамасыз етуді бақылау мен оған мониторинг жүргізуді күшейту тапсырылды.
"Екібастұз қаласында тарифтердің күрт өсуіне жол бермейміз. Жылыту маусымы аяқталғаннан кейін жөндеу науқанын жүргіземіз", — деді Р. Скляр.
Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекиннің айтуынша, үй ішіндегі жылу жүйесіне зақым келген 91 үйдің меншік иелеріне жылу энергиясы үшін төленетін сома бойынша 121,9 млн теңгеге қайта есептеу жүргізілді. Желтоқсан айында станция иесінің есебінен жалпы сомасы 241,8 млн теңгеге электр энергиясы үшін өтемақы төленді. Биылғы қаңтар айында Екібастұз тұрғындарының жылумен жабдықтау қызметтеріне төлейтін сомасының 70%-ы шегерілді.
Екібастұз қаласына жұмыс сапары кезінде Роман Скляр үйлердегі жөндеу жұмыстарының барысымен танысып, тұрғындармен сөйлесті. Бүгінгі таңда 152 пәтерде жөндеу жұмыстары аяқталды. 42 бригада жұмылдырылды. Барлығы 252 пәтерде жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Сонымен қатар Р. Скляр №7 және №11 жалпы орта білім беретін мектептерге барды. Жекелеген кабинеттерде ауа температурасы 16-17 градустан аспайды, жылумен қамтамасыз етуде іркілістер бар. 7 ақпаннан бастап Екібастұздың оқу орындары қашықтан оқыту форматына ауыстырылды, балабақшаларда кезекші топтар ұйымдастырылды. 13 ақпаннан бастап білім беру мекемелері штаттық режимде жұмыс істей бастайды деп жоспарлануда.