Астанада екі бала өлім аузынан қалды. Олар ойыншықтың бөлшегін жұтып қойған. Дәрігерлер сәбилердің ішінен бармақтай затты алып шықты.
Мерей ҚАЛИАСҚАР, ТІЛШІ:
Мына менің қолымда тұрған ойыншық, соның ішіндегі затты балалар жұтып қойған. Бұны суға салса, пішінін өзгертіп, өседі екен. Яғни балалардың ішегінде осы бір зат бірнеше күн бойы болған.
Жұтылған шарларды алып тастау үшін екі нәрестеге де операция жасалды. Біріншісіне небәрі 11 ай. Ұл баланың жағдайы аса қауіпті еді. Абырой болғанда дәрігерлер оны аман алып қалды.
Серік БАЙМУЛЬДИН, №2 КӨПБЕЙІНДІ ҚАЛАЛЫҚ АУРУХАНАНЫҢ ХИРУРГИЯ БӨЛІМШЕСІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ:
Ішек инфекциясы бойынша тексеріп, рентген арқылы шарларды жұтып қойғанын анықтадық. Жіңішке ішектің ішінде өсе бастағандықтан, құсу тоқтамады. Операция әжептеуір қиындық туғызды.
11 айлық баланың 1 жас 4 айға толған көршісі де ойнап жүріп, осы затты жұтып қойған.
Дариға ДӘУЛЕТБАЙ, СӘБИДІҢ АНАСЫ:
Үйдегі кішкентай 9 жастағы сіңілім ойнаған соны алып. Ол шашылғаннан кейін балалар маржан деп жұтып қойған. Осында келгеннен кейін гидрогельевый шар екенін түсіндік. Қазір баланың жағдайы жақсы, шүкір. Қазіргі балалардың барлығында сол ойыншық бар. Сондықтан сатылымнан алып тастаса да жақсы болатын еді негізі.
Халық ішінде «орбиз» деп танылған бұл түрлі түсті гидрогельді шарлар өте қауіпті дейді мамандар. Жұтуға жеңіл әрі суда 100 есе өседі. Яғни бір апта бойы ішекте ісініп, соңы өлімге әкеп соғады.
М. Қалиасқар