Русский Сайттың толық нұсқасы

"Төтенше жағдай мамандары жұмыс барысында талай рет ерлік көрсетті", - Мемлекет басшысы

  • AstanaTV
  • 14 ақпан 2023
  • 1997

Биылдан бастап құтқарушылардың еңбекақысы 10-нан 70 пайызға дейін көтеріледі. Бұл туралы Мемлекет басшысы Ақмола облысына барған іс-сапарында айтты. Сондай-ақ, биыл ұлттық жоба аясында облыстағы 38 елді мекенде амбулаторлық-емхана нысандарын салу жоспарланып отыр. Өңірдің тыныс-тіршілігімен танысқан Мемлекет басшысының сапарын тілшіміз Бекболат Сатуов тарқатып айтады.

Президент Ақмола облысына жасаған іс-сапары барысында алдымен өңірдегі "Азаматтық қорғау академиясының" жұмысымен танысты. Онда офицерлермен және курсанттармен кездесті. Айта кетейік, академия - еліміздегі кәсіби құтқарушыларды дайындайтын бірден-бір оқу орны болып табылады. Мұнда жыл сайын 150-ден астам офицер даярланады.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Құтқару қызметі – өте маңызды сала. Соңғы кезде жер жүзінде төтенше оқиғалар жиілеп барады. Жұртымыз мұндай қауіп-қатерге әрдайым дайын болуы керек. Сондықтан осы салада қызмет етіп жүрген мамандардың еңбегі еліміз үшін өте маңызды.

Президент Академияға жаңа оқу ғимараты мен жатақхана салу үшін жер телімін бөлуді тапсырды. Құтқарушының жұмысы қиын әрі қатерлі екенін айтқан Мемлекет басшысы еңбектің бұл түрін нағыз ержүрек азаматтардың кәсібі деп бағалады.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Төтенше жағдай мамандары жұмыс барысында талай рет ерлік көрсетті. Басқа адамдардың өміріне араша түсіп, қаза тапқан құтқарушылар аз емес. Олардың қатарында осы академияның түлегі Асқар Забикулин де бар. «Ер есімі – ел есінде». Батырлардың ерлігі ешқашан ұмытылмауға тиіс.

Жақында Түркиядағы жойқын жер сілкінісінен кейін Президенттің тапсырмасымен бауырлас елге құтқарушылар мен дәрігерлер жіберілді. Олардың арасында Ақмола облысының мамандары да бар.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Біздің құтқарушылар бірнеше адамды аман алып шықты. Түркияда күндіз-түні жұмыс істеп жатқан азаматтарымызға алғыс айтамын! Түркиядан аман-есен оралған соң оларды міндетті түрде марапаттайтын боламыз.

Содан соң мемлекет басшысы Қазақстан агроинновациялық корпорациясына барды. Онда жылына 3 мыңға жуық ауыл шаруашылығы техникасын шығаратын корпорацияның технологиялық процесі мен өнім үлгілері көрсетілді. Кәсіпорын соңғы үш жылда 121 миллиард теңгеге 6500-ден астам өнім түрлерін шығарған. Қазір корпорацияда 300-ге жуық адам жұмыс істейді. Президент жұмыс сапары барысында «Viamedis Kokshetau» клиникалық оңалту орталығына да бас сұқты. Жаңадан бой көтерген стационарлық оңалту бөлімінде 100-ден астам, күндізгі стационарда 46 төсек орын қарастырылған. Емханада 20 мың адам тіркелген. Денсаулық сақтау мекемесінде 235 медицина қызметкері жұмыс істейді.

Серік АЯҒАНОВ, ДӘРІГЕР:

Биылғы жылы 40-қа жуық алғашқы көмек көрсету нысандар ашылады. Аудандық аруханалар жаңғыртудан өтеді. Оның барлығы бүгінгі күннің талабына сәйкес, жаңа медициналық жабдықтармен қамтамасыз етіледі. +Жалпы осы бастаманың барлығы мемлекеттің халықтың денсаулығына қамқорлығы деп айтуға болады.

Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаевқа Көкшетау қаласының Сарыарқа шағын ауданының құрылысы таныстырылды. Алғашқы іргетасы 2012 жылы қаланған шағынауданға бүгінде 56 көпқабатты тұрғын үй салынған. Әл-Фараби атындағы ІТ-мектеп пен өрт сөндіру бекеті, бірқатар спорт нысаны пайдалануға берілген. Алдағы уақытта 256 көпқабатты тұрғын үй, 21 білім беру нысаны, 2 сауда орталығы және саябақ алаңдарын салу жоспарланып отыр.

Б. Сатуов