"Мектептің ішінде де қауіп бар". Әлихан Смайылов Петропавлда мектепте болған жағдайдан кейін оқу орындарына тексеру жүргізуді тапсырды. Бүгін үкімет отырысында ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев мектепте болған оқиғаны егжей-тегжейлі баяндап берді. Оның айтуынша, оқушы қазір қамауда. Күдіктінің денсаулығында психикалық проблема болған. Алайда Алматы қаласының республикалық психикалық орталығы оған жалпы орта мектептерде білімін жалғастыруға рұқсат берген деді. Ал жәбірленген екі оқушы қалалық емхананың стационарында жатқанын айтты. Үкімет басшысы бұл өте қауіпті жағдай екенін ескертіп, бірқатар жауапты министрліктерге тапсырма берді.
Әлихан СМАЙЫЛОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
Бұл мәселені қайта қарап, оқу орындарына тексеру жүргізу қажет. Бейнекамералардың санын көбейтіп, мектепке кіреберіс жерлерде бақылауды күшейту мәселесін қарау керек. Ішкі істер министрлігі келісілген ұсыныстарды енгізсін. Денсаулық сақтау министрлігі зардап шеккен балаларды емдеуді ерекше бақылауға алсын. Оқу-ағарту министрлігі Ішкі істер және Төтенше жағдайлар министрліктерімен бірлесіп, қауіпсіздік сабақтарын әзірлеуі керек. Балалар әр түрлі жағдайда өздерін қалай ұстау керек екенін нақты білуі тиіс
Б. Сатуов