Русский Сайттың толық нұсқасы

Былтыр елімізде 403,5 мың бала дүниеге келді

  • AstanaTV
  • 14 ақпан 2023
  • 2376

«Әр баланың өз несібесі бар». Алматылық батыр ана Гүлстан Молдақасымова осылай дейді. Ол өмірге әкелген 10 ұл-қызының қазір қызығын көріп отыр. Жастарға ештеңеден қорықпай, еліміздің демографиясына үлес қосыңдер деп кеңес береді.

Былтыр 403,5 мың бала дүниеге келді, оның 208 мыңы – ұл, 195,5 мыңы – қыз. Туу коэффициенті 1000 адамға 20,28.

Мамандардың айтуынша, еліміздегі көпбалалы отбасылардың көбі, нақтылап айтқанда, 55%-ы ауылдық жерде тұрады. Үлкен мегаполисте көпбалалы отбасы бірен-саран. «Батыр ана» орденінің иегері, алтын алқалы ана Гүлстан Молдақасымова 10 баланы тәрбиелеп-өсіріп, қазір енді немере бағып отыр. Үлкен шаңырақтың алтын діңгегі болып отырған алтын құрсақ ана жастарды қиындықтан қорықпауға шақырады.

Гүлстан МОЛДАҚАСЫМОВА, БАТЫР АНА:

Бір қозы туса, жусанның басы айыр шығады дейді. Енді мен мына жас келіндерді қазақтың санын көбейтіп, ұрпақ өсіріп, қиыншылықтан қашпа деп айтқым келеді. Алла тағаланың берері мол. Әр баланың өзінің орны бар өмірде.

Демографтардың айтуынша, қазір елімізде орта есеппен 500 мыңға жуық көпбалалы отбасы бар. Алайда мамандар соңғы жылдары туу үрдісінің қартайып жатқанын айтып, дабыл қағады. Қазақстандағы демографиялық даму көбіне отбасындағы төртінші, бесінші балалардың дүниеге келуінен болып жатыр. Ал жас отбасыларда бірінші, екінші перзенттің дүние есігін ашуы сиреп бара жатыр дейді.

Аяулым САҒЫНБАЕВА, ДЕМОГРАФ:

Көпбалалы отбасыларға келетін болсақ, ең талантты да, ең өмірге бейім де және де успешный дейміз ғой, сондай балалар тағы да осы көпбалалы отбасыларынан шығады. Көпбалалы отбасыдан шыққан балалар көбінде 1-2, ары кетсе 3 баламен шектеледі, орта буында 40 жасқа дейінгі, 45-ке дейінгі адамдарды айтып отырмын.

Елімізде соңғы жылғы көрсеткіштерге сүйенсек, туудың ең жоғары деңгейі Маңғыстау өңіріне тиесілі, екінші орында Түркістан, үшінші орында Шымкент қаласы тұр. Көпбалалы отбасыларға мемлекет қолдау көрсетеді.

Тамара ДҮЙСЕНОВА, ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРІ:

Бүгінгі таңда алты, жеті және одан да көп бала туып, өсірген аналар бірдей мөлшерде жәрдемақы алады. Әлеуметтік Кодекстің қабылдануымен аналарға берілетін жәрдемақы мөлшері де өзгереді. 7 және одан да көп баласы бар аналарға төленетін жәрдемақы 7,4 АЕК-ке дейін өседі.

Елімізде демографияның көтерілуіне өлшеусіз үлес қосқан көпбалалы аналарға енді «Марапатталған ана» мәртебесі беріледі. Бұл атаққа «Алтын алқа», «Күміс алқа», «Батыр ана» атағына ие болған және I, II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған жандар ие болады және олар қосымша жәрдемақы алады.

Ә. Пернебек