Русский Сайттың толық нұсқасы

Елімізде жыл сайын 600-ге жуық баладан онкологиялық ауру анықталады

  • AstanaTV
  • 15 ақпан 2023
  • 1492

Елімізде жыл сайын 600-ге жуық баладан онкологиялық ауру анықталады. Науқастар саны бойынша Астана қаласы, Алматы мен Түркістан облыстары алда тұр. Бір өкініштісі, жаман аурудың жасарып кеткені соншалық туғанына 1-2 ай болған сәбилер де қауіпті дерттің тырнағына ілінуде. Халықаралық қатерлі ісікке шалдыққан балалар күнінде әріптесім Мерей Қалиасқар жаман аурудан айыққандармен тілдесіп келді.

Жасы үштен енді асқан атыраулық Айкөркем өзінің қатерлі ісікке шалдыққанын қайдан білсін?! Кішкентай ағзадағы күрделі өзгерістердің себебі жаман ауру екені бір айдан кейін ғана анықталды.

Гүлсім ИМАШЖЕКСЕНҒАЛИ, АТА-АНА:

Тұқымымда ешқашан ондай болмаған. Бір апта ауырады, бір апта жазылады. Қан талдамаларын тексеріп қарағанда гемоглобин, тромбоцид дегендер, сосын екі күнде мұрын тоқтамастан қанады. Острый лимфобластный лейкоз деген диагноз бойынша осында келдік. 7-8 ай көлемінде аман-есен барлық протоколдан өтіп, осы бүгін мерекеге сәйкес чемпион болып, жеңіп шығып жатырмыз.

Нұргелді де қатерлі дертке төтеп бергендердің бірі. Бүгін ол науқас балалардың көңілін көтеру үшін, ерік-жігерін шыңдау үшін арнайы келіпті.

Нұргелді НҰРБОЛАТ, БАТЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

2019-да ауырғанмын, сосын 2020-да жазылғанмын. Қайтадан ауырдым, содан кейін 5 ай жаттым, донор ағам болды. Содан кейін трансплантацияға кірдім, пересадка жасалды. Содан кейін міне врачтардың арқасында жазылып шықтым. Сынақты бала көтермесін, ауырмасын деймін.

Елімізде қатерлі ісік дертіне шалдыққан балалардың негізгі терапиясы Алматы мен Астанада жүргізіледі. Екі орталықта 286 төсек орын бар және 51 балалар онкологы мен гематологы жұмыс істейді. Республикалық орталықтарда жылына 5000-ға жуық бала емделеді.

Гүлшат КӨШЕРОВА, «UMC» КҚ АНА МЕН БАЛА ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ОНКОЛОГ-ГЕМАТОЛОГ ДӘРІГЕРІ:

Лейкозбен ауыратын балалар жылына 240-280-ге дейін жетеді. Егер лимфобласты лейкоз болса, 80 процент айығып кетеді аурудан. Ал миелобласт болса, 60 процентке дейін жетеді. Негізгі бастапқы ем барлығы біздің орталықта жасалынады. Егерде емге донор болмаған жағдайда басқа елге жіберіледі квота арқылы.

Ел бойынша есепте тұрғандар саны 20 процентке артқан. Мыңдаған отбасының үміті мен үрейі арпалысуда. Мамандар жаман аурудан айығуға кем дегенде жарты жыл уақыт керек дейді. Бірақ, оған жеткізбей, обырға жол бермеу керек!

М. Қалиасқар