Русский Сайттың толық нұсқасы

Атырауда емдеу мекемелері шприц таба алмай отыр

Еліміздегі жалғыз шприц зауыты бар Атырауда медицина мекемелері шприцке жарымай отыр. Ал зауыттың өзі жабылудың аз-ақ алдында. Отандық емханалар мен ауруханалар Ресей, Қытай мен Өзбекстан өнімін қолданады. Медицина бұйымы шекара асып жеткізілгенше, шприцтен тарыққан мекемелер өзіміздегі зауытқа алақан жайып, көмек сұрайды екен. Былтырдан бері екі миллион дана шприцті ауруханаларға тегін бердік деген зауыт директоры бұл саладағы бюрократияны жоймаса, кәсіпорынның күні қараң деп отыр. Тілшіміз тарқатады.

ЖИТС орталығы халықтың түйінді топтарына оқтын-оқтын тегін шприц таратуы керек. Алайда соңғы кезде санын азайтқан. Өйткені мемлекеттік сатып алуға салғанмен, тендерге түсетіндер жоқтың қасы. Оған себеп Денсаулық сақтау министрлігінің шприцке бекіткен шектік бағаның тым төмендігі,- дейді орталық директоры. Сондықтан қаладағы шприц зауытынан жиі көмек сұрайтынын жасырмайды.

Қуаныш НҰРМҰХАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ЖИТС ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Мемлекеттік сатып алуға саламыз. Былтырғы жылы 3-4 рет салдық бірақ ешқанадай да шыққан адам болмады. Себебі шектік бағасы өте төмен. Мынадай бағаға шприц бере алмаймыз деп. Сондықтан біздің облысымызда шприц зауыты бар екен. Сол шприц заводқа шығып олар бізге демеушілікпен бізге көмектесті.

Бұл облыстағы барлық емдеу-сауықтыру мекемелері үшін ортақ проблема,- дейді ақ халаттылар. Зауыт директорына онкология диспенсері басшылығы да арнайы хат жазып, шприцпен көмектесуді сұраған. Науқастардың емі тоқтамасын деп, бас тарта алмайтынын айтады. Алайда өздерінің де күйі –күй емес екен. Айтуларынша, еліміздегі бір де бір емдеу мекемесі отандық шприцты пайдаланбайды. «Емдеу мекемесі жеке-жеке тендер жариялайды, олардың әрқайсысы қыруар құжат сұрайды. Елімізде 5 мыңнан астам медицина мекемесі барын ескерсек, әрқайсысына қатысып отыруға уақыт та, төзім де жетпейді,- дейді кәсіпорын басшылығы.

Аслан КАБДУЛЛИН, ШПРИЦ ЗАУЫТЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Өндіруші тек өндіру керек. Ал өткізумен, жеткізумен басқа логистикалық мекеме айналысу керек. Оның үстіне ондай ұйым бар Қазақстанда. «СК-Фармация» Алматылық компаниямен ұзақ мерзімді келісімге отырған. Бірақ жеткізіп жатқан жоқ. Біз ауызша да, жазбаша да минситрлікке хат жаздық. Нәтиже жоқ. Сондықтан экспортқа жұмыс істеуге мәжбүрміз. Әрбір медициналық мекеменің тендеріне қатысып отыру мүмкін емес.

«СК –Фармация» мекемесінің Атыраудағы өкілдігі болса, Денсаулық сақтау министрлігінен берілген тізім бойынша ғана жұмыс істейміз, -деп басын ала қашты. Бір қызығы, аймақтың бас дәрігері де шприцқа аурухана басшыларының өзі бас ауыртсын, - деп кесіп айтты. Дегенмен жағдай ушыққан соң шешу жолдарын қарастырып жатырмыз деп құтылды.

Қажымұқан БАЛМАҒАМБЕТОВ, "СК-ФАРМАЦИЯ" АТЫРАУ ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ӨКІЛДІГІНІҢ БАСШЫСЫ:

"СК -Фармацияға" тізімді Денсаулық сақтау министрлігі береді. Шектік баға қояды да, "мына дәрілерді, мына медициналық бұйымдарды сатып алыңдар" деп. Ол тізімде шприц жоқ. Министрлік өздері біледі, нені қосады, нені алады.

Асхан БАЙДУӘЛИЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Бүгінгі таңда өкінішке орай «СК Фармация» өкінішке орай ол шприцтарды қоя алмай жатыр. Негізіндегі қазіргі таңда сатып алуға да біздің мекемелердің мүмкіндіктері жоқ. Мәселені тағы министрлікпен байланыстамыз, жолдарын іздестіріп жатырмыз.

Ал шприц зауыты басшылығы мұндай шығарып салма жауапты екі жылдан бері естіп келе жатырмыз, - деп сенбей отыр. Жылына 250 миллион дана бір реттік шприц шығаруға қауқары зауыт экспорт үшін 30 пайыз ғана жұмыс істеп тұр. Ал система шығаратын цех мүлдем жабылған. Құзырлы мекемелер көмектеспесе, әлемдік стандартқа сай зауыт жабылуы мүмкін, - дейді.