Атырау облысында жанармайы таусылып, жолда қалған көліктен 4 адам құтқарылды. Оның ішінде 5 жасар қыз бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобынан мәлім еткендей, Ақтөбе облысының 4 тұрғыны жолға шығып, далада қалып қойған.
«Ақтөбе облысының Байғанин ауданындағы Миялы ауылынан 4 адам көлікпен жолға шығып, Атырау облысындағы Құлсары қаласына бармақ болған. Олар жолға 16 ақпанда шыққан. Алайда, жолаушылар Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласына жетпеген, не кері ауылына оралмаған. Туыстары олардан еш хабар алмаған», - деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.
Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментіне Ақтөбе облысынан жолға шығып, хабарсыз кеткен 4 адамның жоғалғаны туралы хабар кеше, 17 ақпанда түскен. Соған байланысты департаменттің құтқару тобынан 5 қызметкер жоғалған адамдарды іздеуге жедел кіріскен.
«Құтқарушылар іздестіру жұмысын жүргізіп, Құлсары қаласынан 120 шақырым қашықтықтағы «Намазтақыр» учаскесінен 4 адамды аман-есен тапты. Жолаушылардың айтуынша, көліктің жанармайы таусылып, елсіз далада тоқтап қалған. Көлікте 1976, 1979 жылғы екі ер адам, 44 жастағы әйел мен 2018 жылы туған қыз болғаны анықталды», - деп мәлім етт департаменттің қоғаммен байланыс тобынан.
Жолда қалған жолаушылардың денсаулығына зардап келмеген. Сол себептен, олар медицина қызметкерлерінің көмегіне жүгінген жоқ.