Екібастұз жылу электр орталығында болған апатқа байланысты Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов жедел штабтың отырысын өткізді. Жиналыс барысын өңір басшысы өзінің әлеуметтік желідегі ресми парақшасында жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазіргі таңда станцияда 6 қазандық жұмыс істеп тұр. Олардың үшеуі – бу, үшеуі – энергетикалық қазандық. Станциядан шығатын жылу градусы – 71, ал жылудың орталыққа қайта келетін құбырларындағы градус – 47. Апатты жағдай кеше кешке толық жойылды. Станция 60 градустық жылу параметріне таңғы 6:00 шамасында жетті. Қазір №14 қазандық жөндеуден өтіп жатыр. Ол бүгінгі күннің соңына дейін іске қосылады», - деді Орталық-Азия энергетикалық корпорациясы бастығының өндіріс жөніндегі орынбасары Леонид Янушко.
Оның айтуынша, ЖЭО-да көмір мен мазут қоры жеткілікті. Соңғы күндері Павлодардан қосымша 90 тонна мазут әкелінген.
«Жалпы, станциядағы барлық құрылғыларды жөндеу жылу беру маусымынан тыс уақыттарға жоспарланған. Дегенмен, келер аптада ауа температурасы жылынуы мүмкін. Сол уақытта негізгі №12 қазандықты жөндеуден өткізуді жоспарлап отырмыз. Бұл жұмыстарғы 3-4 күн қажет болады. Кейін бұл қазандықты резервке қою немесе бірден іске қосу мәселесін пысықтаймыз», - деп баяндады Леонид Янушко жедел штабтың отырысында.
Жиын барысында Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов қазір үйлер мен әлеуметтік нысандардағы жылу параметрлерін көтеруді тапсырды.