Батыс Қазақстан облысында күн райының нашарлауына байланысты жол жабылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«ҚазАвтоЖол» ЖШС БҚО филиалының мәліметіне қарағанда, 19 ақпан күні сағат 11:20-дан бастап республикалық маңызы бар Чапаев-Жалпақтал-Казталов-РФ шекарасы (0-213 км, Чапаевтан Казталовқа дейін) жолында барлық көлік түрлері үшін қозғалысқа шектеу қойылды.
Сондай-ақ, сағат 14:30-дан бастап республикалық маңызы бар Атырау-Орал (372-189 км, Чапаевтан Атырау облысының шекарасына дейін) жолы қоғамдық және жүк көліктері үшін жабылды.
Жабылу себебі – боран, жолдың көрінуінің нашарлауы.
Осыған байланысты БҚО ТЖД ескерту жарияланып, төтенше жағдайлардың алдын алу үшін тиісті шаралардың алынып жатқанын жеткізді.