Русский Сайттың толық нұсқасы

Партиялар әділ бәсеке жүргізуге уағдаласты

Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауына қатысатын жеті партияның алтауы әділ сайлау өткізу жөнінде меморандумға қол қойды. Құжатқа қол қоя отырып, партиялар тек қолданыстағы заңнама аясында әрекет етуге, сондай-ақ үгіт-насихат кезеңінде ашық бәсеке жүргізуге уағдаласты. Ал Жалпыұлттық социал демократиялық партия бұл бастаманы қолдаудан қалыс қалды. «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов "меморандум – елімізде адал бәсекелестікке негізделген жаңа саяси мәдениет қалыптастыру бағытындағы маңызды қадам" деді.

Ерлан ҚОШАНОВ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

19 наурызда Мәжіліспен барлық деңгейдегі мәслихаттардың сайлауы өтеді. Бұл сайлаудың нәтижесінде еліміздегі саяси жүйе толығымен жаңарады. Партиялардың сайлаушылар алдындағы жауапкершілік жүгі жеңіл емес. Бұл науқанның ашық, таза әрі әділ өтуі бірінші кезекте бізге саяси күштерге тікелей байланысты.

Саяси ұйымдар бір-бірінің және өзге партиялардың атынан ұсынылған кандидаттардың ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәліметтерді таратпауға, сайлау учаскелерінде тәртіпсіздікке жол бермеу үшін өзара жәрдемдесуге, үгіт-насихат кезінде заңнаманы және халықаралық стандарттарды ұстануға келісті.