Русский Сайттың толық нұсқасы

"Адам шығыны көп аймақта алғаш рет жұмыс істедім",-құтқарушы

  • AstanaTV
  • 20 ақпан 2023
  • 1446

Түркиядағы қазақстандық құтқарушылар елге оралды. Жеке құрамның бірінші тобы Алматыға жеткізілсе, екінші лек бүгін түнде Астанаға ұшып келді. Оларды Түркияның Қазақстандағы елшісі мен Төтенше жағдайлар министрі және әріптестері мен туған-туыстары қарсы алды.

Сүндет ОРАЛБЕКОВ, ТІЛШІ:

Бірер минут бұрын Астана әуежайына Түркияға көмекке кеткен құтқарушылардың екінші тобы келіп қонды. Бортта 60 құтқарушы мен иіс сезгіш иттер бар. Ал, күтіп алушылардың қуанышында шек жоқ.

Аяулым да сағына күткен әкесімен қауышты. Ол әкесін 12 күн көрмеген.

Аяулым АЛПЫС:

Біз қатты сағындық. Басында қорықтық. Папамен сөйлесіп, хабарласып тұрған соң нормально жүргенін сезіндік. Папам бүгін келді, мен өте қуаныштымын.

Түркияда 12 күн болған құтқарушы Біржан Байқұловтың әпкесі де оны асыға күткенін айтады.

Гүлнұр ДҮЙСЕБАЕВА, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Турцияға барып, елге көмек жасап келе жатыр. Соны үлкен қуанышпен күтіп, бала-шағамызбен күтіп отырмыз. Жүрегіміз ұшып кетейін деп тұр шыны керек. «Кеттім» дегенде бәріміз қосылып, жыладық. Жер сілкінісі деген өте қиын нәрсе ғой, өте қорқынышты нәрсе. Дүние жүзіне жақсылық тілеймін, тыныштық болсын.

Қазақстандық құтқарушылар Түркияның үш провинциясында, Нұрдағы, Газиантеп және Хатай қалаларында іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізді. Үйінді астынан 7 азаматты құтқарды, 88 мәйітті алып шықты. Оның 10-ы- бала. Сондай-ақ 200-ге жуық адамға медициналық және психологиялық көмек көрсеткен. Түрік бауырлардың алғысы шексіз. Енді бұл азаматтар Президент тапсырмасына сәйкес мемлекеттік марапатқа ие болады.

Юрий ИЛЬИН, ҚР ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР МИНИСТРІ:

Моральды тұрғыда сіздерге оңай болмағанын білемін. Атқарған істеріңіз үшін алғыс айтамын. Қандай қиындықтар болмасын, өздеріңізге жүктелген міндетті кәсіби тұрғыда орындап шықтыңыздар.

Анадолы еліне бірінші болып көмекке асыққандардың бірі- Қазақстан. Біздің құтқарушылар ең күрделі қираған объектілерде іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізген.

Уфук ЭФИДЖИ, ТҮРКИЯНЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЕЛШІСІ:

Түркияда болған осындай қиын жағдайда қол ұшын созғандарыңызға алғысымыз шексіз. Сіздер өздеріңізге жүктелген міндетті абыроймен алып шықтыңыздар. Осындай кезеңде көмектескендеріңізді біз ешқашан ұмытпаймыз.

Апат аймақтарында жүзден астам құтқарушы жұмыс істеді. Жедел топтың құрамына Астана, Алматы қалаларының, Қарағанды және Ақмола облыстарының мамандары, сондай-ақ Апаттар медицинасы орталығының медицина қызметкерлері бар.

Жанат ҚАЙМЕРДЕНОВ, ҚҰТҚАРУШЫ:

Ауқымды апат аймағында бірінші рет іздеу-құтқару жұмыстарын жүргіздім. Бұған дейін қираған үйлерде, құбырларда жұмыс жүргізгем. Тәжірибем бар. Бірақ, адам шығыны көп аймақтарда алғаш рет жұмыс істедім.

Құтқарушылар «қиындықтарға берілмей, шаршағанға да қарамастан, үздіксіз жұмыс істеуге тура келді»,- дейді. Иттердің де көмегі зор болғанын жеткізді.

Ерік БЕРЛІБЕКОВ, ҚҰТҚАРУШЫ-КИНОЛОГ:

Газиантеп қаласынан участок берді. Сосын өзіміздің үлкен объекті болды. Ол объекті – полный құлап қалған үй. Қосынды, 7 қабатты үй. Таудай болып үйіндінің астында адамдар қалған. Ол жерде уже иттің көмегі керек болды. Бір точкада ит өзінің мінез-құлқымен иіскеп, қаза бастады. Сосын балалар айтты: "сенің итің жүрген жеріңнен адам шығарылды" деп.

Түркиядағы жер сілкінісінен 105 мыңнан астам ғимарат зардап шеккен. Жойқын жер сілкініс 41 мыңнан аса адамның өмірін қиды. Түркияның зілзаладан зардап шеккен аймақтарының көпшілігінде іздеу-құтқару жұмыстары аяқталған. Тек Қахарманмараш пен Хатайда жалғасуда. Бірақ, тірі адамдарды табу үміті сөніп барады.