Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылжарда дәрігерлер күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр

Қызылжарлық дәрігерлер бүгін күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Себебі, қалада-көктайғақ. Мұзға құлап, жарақаттанғандар көп. Тіпті қоғамдық көліктер тоқтады. Барлық бағыттағы жол жабылып, қозғалыс шектелді. Атырауда да ауа-райының қолайсыздығы жұртты әбігерге салуда. Қар еріп, көшелер суға толды. Өңірлердегі ахуалды тілшілеріміз толығырақ жеткізеді.

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:

Түнімен жауған жаңбыр қала тұрғындарын әбірге салды. Көшелерде мұз қатып, қалада көлік қатынасы қиындады. Автобустар тоқтап, халық діттеген жеріне жете алмай қалды.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- Бізге тек коньки ғана жетіспейді. Жұмысқа әзер бара жатырмыз. Амал жоқ.

- Жұмысқа аман жеткенім үшін қуаныштымын. Бірақ ұзақ жүрдім. Әкімдік жолдарды құммен сепсе жақсы болар еді.

Қалалық аурухананың жарақат бөлімінде қарбалас. Осы уақытқа дейін 34 адам дәрігер көмегіне жүгінген, 5 тұрғын ауруханаға жатқызылды.

Екатерина БЕЛОУСОВА, ҚАЛАЛЫҚ КӨПБЕЙІНДІ АУРУХАНАНЫҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Дәрігерлер күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Жарақаттанғандардың ұзын-сонар кезегі пайда болды. Көбінің аяғы сынған.

Көктайғақтың салдарынан бүгін қалада жеті жол-көлік апаты болды. Бірақ зардап шеккендер жоқ дейді полицейлер. Коммуналдық қызмет мамандары шаһар көшелеріне құм сеуіп жатыр.

Эльмира СӘДУАҚАСОВА, ҚАЛА ӘКІМДІГІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Қазіргі таңда елу техника жұмыс істеп жатыр. Көшелер мен тротуаларға құм тұз қоспасы себіліп жатыр. Ал аялдамалардың маңына экореагент ледоруб себіліп жатыр. Көктайғаққа байланысты қаладағы қоғамдық көлік өз жұмысына кешірек кірісті. Дәл қазіргі таңда 90 автобус жұмыс істеп жатыр.

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:

Бүгін қала мектептері жаппай қашықтықтан оқуға көшірілді. Шаһар билігі балалардың ертең де онлайн оқитынын хабарлады. Себебі қолайсыз күн райы теріскейде әлі бірнеше күн жалғаспақ. Ал елдің батысында жағдай қалай? Оны әріптесім Базаргүл Нәдірқызы айтады.

Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Ал Атырауда ақпан айында төпелей жауған қар мен еріген қар суын шығару үшін жүздеген техниканы жалға алуға тура келді. Тазалық мекемесінің мамандары үш ауысыммен жұмыс істеп жатыр. Дегенмен қала толық тазарып біткен жоқ.

Шаһарда орталық көшелерден қар шығарылғанымен, қалтарыстағы жол жиегі, жеке үйлер маңында әлі тау-тау болып үйіліп жатыр. Еріген қар суынан аяқ баса алмайтын аумақтар да бар. Тазалық мекемесі басшысының айтуынша, жұмыстың көбі бітіп, азы қалды.

Алмас ІЗТІЛЕУОВ, «АРНАУЛЫ АВТОБАЗА» ЖШС БАСШЫСЫ:

80 техника самосвал жүк көлігін арендаға алып отырмыз және 27 жүк тиегіш қар техника бар, өзіміздің техникамыз бар, 32 техника тар тастуға жұмылдырылған.

Дегенмен коммуналдық қызмет сапасына тұрғындардың көңілі толмайды.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- Тазалап жатқанды көрген емеспін. Қысқа қонышты етікпен жүр, оларға боти алған жоқпыз. Қыстық етікпен жүр. Еріп жатқасын қиын. Аяғы су болып келеді. Парға кептіріп қоямыз, ол кейде кеппейді.

- Мектепке бара алмайды, мектепке баратын жолдың бәрі осындай, ойық су толып қалған. Бала жүретін түгілі, үлкен кісінің жүретін жері жоқ.Ешқандай жол жоқ. Ешқандай су сорып жатырған машина көрген жоқпыз.

Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Ресми ақпарат бойынша, соңғы бірер күнде қала сыртына екі мың текше метрден астам су шығарылған. Ал бүгін тұнде тағы қар жауады деп болжайды синоптиктер. Бірақ, әрі қарай айдың аяғына дейін жауын-шашын күтілмейді.