Русский Сайттың толық нұсқасы

Сенат депутаттары көппәтерлі тұрғын үйлерді күтіп-ұстаудың жаңа нормаларын ұсынды

  • AstanaTV
  • 23 ақпан 2023
  • 1621

2019 жылы қабылданған мүлік меншік иелерінің бірлестігіне көшу жөніндегі нормалар әлі толық іске асырылмай отыр. Бүгінде көппәтерлі тұрғын үйлердің 85%-ы жай серіктестік нысанына көшті, ал мүлік меншік иелерінің бірлестігін небәрі 11,5%-ы таңдады. Сонымен қатар 1436 көппәтерлі тұрғын үй әлі күнге дейін басқарудың ешқандай түрін таңдаған жоқ. Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында айтылды.

Сенат депутаттарының бастамашыл тобымен ұсынылған Заң жобасында осыған байланысты Заңда қарапайым серіктестік құру кезінде пәтерлер санын 30 пәтерге дейін шектеу көзделеді.

«Бұдан басқа, республика бойынша шамамен 10 211 аз пәтерлі үйлер бар. Мұндай үйлерде пәтерлер санының аз болуы себепті мүлік меншік иелерінің бірлестігіне немесе қарапайым серіктестікке тиімсіз. Осыған байланысты, басқарудың жаңа нысаны – тікелей бірлескен басқару ұсынылады. Бұл нысанды пәтерлер саны 16-ға дейінгі үйлер үшін жасауға болады», - деп нақтылады Сенат депутаты Бауыржан Қаниев.

Заң жобасы аясында тұрғындар арасында басқару нысанын таңдау туралы келісімге қол жеткізілмеген немесе олардың ауысуға дайын еместігі бойынша мәселе де шешіледі. Мысалы, жергілікті атқарушы органдардың тұрғын үй инспекциясына бір жылға дейінгі мерзімге уақытша басқарушы компанияны анықтауға мүмкіндік беру туралы норма енгізілуде.

«Сонымен қатар құрылыс салушыға кондоминиум объектісін басқарудың жаңа нысандары құрылғанға дейін алты айға дейінгі мерзімге басқарушы компанияны тартуға мүмкіндік беретін норма көзделеді. Осылайша, Заңмен көппәтерлі тұрғын үйлерді басқарусыз және күтіп-ұстаусыз қалдырмауға мүмкіндік беретін бірқатар норма енгізіледі», - деді сенатор.

Сондай-ақ басты проблемалардың бірі – тұрғындардың жиналысында қаржылық сипаттағы мәселелерді шешу. Қолданыстағы «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңға сәйкес жиналысқа тұрғындардың үштен екісі қатысып, олар «қолдап» дауыс беруі керек. Қарастырылып отырған заңда бұл талапты меншік иелерінің жалпы санының көпшілігінің дауысына дейін азайту ұсынылады. Сондай-ақ жазбаша сауалнама жүргізу уақыты бір айдан екі айға дейін ұзарады.

Бұдан бөлек, Заңмен жеке (бөлек) меншіктегі мүліктің дербес түрлері ретінде тұрақ орындары мен қоймалардың мәртебесін бекіту ұсынылады.

Заңда өтпелі ережелер де:

- басқару нысанын ауыстыру кезінде, сондай-ақ пәтер және үй-жай иелерінің кооперативтерін тарату кезінде ақшаны тапсыру;

- бұрын құрылған қарапайым серіктестіктер үшін мүлік меншік иелерінің бірлестігін құруға өтпелі кезеңді (екі жылға дейін) белгілеу қарастарылған.