Русский Сайттың толық нұсқасы

«Биыл тұрғын үй бағасының өсуі тежеледі», - сарапшы

Елімізде автокредитке сұраныс 15 процентке артқан. Ал ипотекалық және тұтынушылық несие алатындар, керісінше,азайған. Мұның себебі неде? Елімізде қанша адамның несиесі бар? Және оның қаншасы кредитті уақытында төлей алмай жүр? Мөлдір Жақанның материалы.

Көп адам өмірінде бір рет болсын несие рәсімдейді. Олар пәтер, автокөлік сатып алу немесе тұрмыстық техника деген сияқты түрлі қажеттіліктер үшін банктен қарыз алады. Соңғы мәліметтерге сәйкес, Қазақстанда шамамен 7 млн тұрғынының басында несие бар.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- Онсыз болмайды ғой. Әрине, бар несие. Ипотечный кредитование дейді. Жәй ғана ұялы телефон алу үшін несие аламыз. Тұрмыстық техника алу үшін несие аламыз.

- Қалай несиесіз өмір сүресің? Балам үйленген кезде несие алуға тура келді. Қанша дегенмен, қыздың қалыңмалын алу керек болды, т.б. Енді ақшамыз жетпейді ғой, шыны керек.

- Жылжымайтын мүлік алуға алғам. Бірден төлеп тастауға тырыстым. Қиын екен. Қаншама жауаптылық ол. Төлей алмай қалам ба деген қорқыныш та болды.

Сарапшылардың айтуынша, автонесие алушылардың көбейгені қайталама нарықтағы көліктерге сұраныстың артуы мен елдегі жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасына байланысты. Ал ипотекалық несиелерге, керісінше, сұраныс төмендеген дейді.

Мұрат ҚАСТАЕВ, ЭКОНОМИСТ:

Зейнетақы қорынан артық болған ақшаны мемлекет бір бөлігін шешуге рұқсат берді. Соңғы екі жылда жылжымайтын мүліктің көп сатылуы осы себепті. Қазір зейнетақы қорынан алу мүмкіндігі шектелді. Сондықтан адамдардың қаражаты азайды, яғни, ипотекалық несиелерге де сұраныс азайып бара жатыр. Мүмкін, осы себеппен де тұрғын үйлерге деген бағалардың күрт өсуі осы жылы кішкене тежеледі деп ойлаймын.

Ал тұтынушылық несие рәсімдеудің төмендеуі, ең алдымен, банктердегі пайыздық мөлшерлемелердің жоғарылауымен байланысты. Сонымен қатар қарыз алушыларға қойылатын талаптар да қатаңдатылды – нәтижесінде кепілсіз несиелер бойынша рұқсат бермеу үлесі 61%-дан 65%-ға дейін, ал қамтамасыз етілген қарыздар бойынша - 31%-дан 43%-ға дейін ұлғайды.

Мұрат ҚАСТАЕВ, ЭКОНОМИСТ:

Былтырдан бастап біздің Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені көтерді. Инфляцияның өсуіне байланысты. Еліміздегі базалық мөлшерлеме өскенде коммерциялық банктер де депозиттер бойынша да, несие үшін де пайыздық мөлшерлемелерді көтереді. Пайыздық мөлшерлеме көтерілген сайын несие алу қиындай түседі.

Сарапшылар тұрғындар арасындағы қарыз жүктемесі критикалық деңгейге жетпегінін айтады. Себебі, маңызды көрсеткіш - несие алған адамдардың саны емес, оны төлей алмай жатқандардың саны. Қазір еліміздегі барлық несиенің тек 4-4,5 проценті уақытылы төленбейді.