Русский Сайттың толық нұсқасы

«ASTANA TV» телеарнасының көмегімен шешілген мәселелер

«ASTANA TV» телеарнасы билік пен халық арасындағы алтын көпірге айналғанына - 30 жыл. Тілшілеріміз тұрғындардың түйіткілді мәселесін көтерді. Билікке жеткізді. Табандап тұрып, шешілуіне ықпал етті. Көрермендердің арнаға айтқан алғыстарын әріптесім Ақбота Базарбай жеткізеді.

Былтыр қыста Павлодарда қалалық су арнасының құбыры жарылып, 4 баланың анасы Нұржан Кәмесханқызының баспанасы су астында қалған еді. Мекеме көпбалалы анаға үйдің шығынын өтеп беруден бас тартқан. Тілшіміз мәселені көтеріп, арнадан көрсетті. Кейіпкеріміз монополист компанияны сотқа берді. 7 айға созылған сотта көпбалалы ана жеңіске жетіп, қалалық су арнасы шығынды өтеп беруге міндеттелді.

Нұржан КӘМЕСХАНҚЫЗЫ, ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Амалсыздан БАҚ соның ішінде «ASTANA TV» телеарнасына жүгіндік. Ол кісілер біздің жанайқайымызды жеткізіп, ақпараттық қолдау көрсетіп, соттың оң шешім табуына ықпалын тигізді. Сондықтан, алғысым шексіз.

Қызылордадағы Қызылжарма елді-мекенінің тұрғындары жол мен жарықтың азабын тартып келді. Жаңбыр жауса балшық, жел тұрса жарықсыз қалатын.

Зибагүл АЙТБАЙҚЫЗЫ, ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Батпақ, екі аяқ киім қыста. Мына кісі галошын тастап кетсе, кешке келгенде ол галош жоқ. Құдай білсін кім алып кететінін, белгісіз. Скорый шақырсақ, алда-жалда батып қалса, бітті ел болып сол скорыйды итереміз, осы ауыл болып.

Дараша ӘЛИЗАҚОВА, ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Сымды 210 мың теңгеге тартып алғанмын кезінде. Үш үйге бердім, тағы екі үйге беріп едім аяғында өзімнің светім кешкісін ине түгілі телевизор көре алмаймыз. Екі холодильник, екі телевизор жанып кетті. Қайтадан кредитке алдық.

Мәселелері қордаланып қалған қызылжармалықтар жергілікті атқамінерлердің есігін тоздырған. Тілшілеріміз тұрғындардың базынасын тікелей эфирде көтеріп, жергілікті атқамінерлерге хабарласты.

Телефон тұтқасын көтере алмаған жергілікті басшыларды жұмыс орындарына да іздеп барды. Арнаның араласуымен бастау алған мәселе шешіліп, ауылға жаңа тас жол төселді, халықтың талабы ескерілді.

Тілшілеріміз халықтың мұң-мұқтажын жеткізуде күн сайын жер-жерді аралайды, тынымсыз тіршілік етуді жалғастыра береді.