АҚШ Қазақстанға 62 миллиард доллардан астам инвистиция құйған. Демек, бұл мемлекет еліміздің ең ірі инвесторы боп саналады. Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астанаға ресми сапармен келген АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкенді қабылдады. Мемлекет басшысы америкалық дипломатқа екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайын екенін жеткізді.
Бұл - Блинкеннің жоғары лауазымды қызметке тағайындалғалы біздің елге жасаған алғашқы ресми сапары. Қос тарап Орталық Азия елдерімен қарым-қатынасты нығайту бойынша келіссөздер жүргізді. Мемлекеттік хатшы «С5+1» форматындағы кездесуге де қатысты.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Біз бұл ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайынбыз. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Құрама Штаттардың тәуелсіздігімізді, аумақтық тұтастығымыз бен егемендігімізді тұрақты түрде берік қолдап келе жатқаны үшін ризашылығымды білдіргім келеді.
Орталық Азия елдері мен АҚШ-тың сыртқы саяси ведомство жетекшілерінің кездесуі Астанада өтіп жатыр. Мемлекет басшысы серіктестердің Елордаға жолығуы – маңызды шешім екенін айтты. АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы да осы басқосуды ұйымдастырған Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғысын айтып, АҚШ Президентінің сәлемін жеткізді.
Энтони БЛИНКЕН, АҚШ МЕМЛЕКЕТТІК ХАТШЫСЫ:
30 жылдан астам уақыт ішінде қол жеткізген елеулі табыстарды екіжақты деңгейде дамыту, серіктестігімізді тереңдету және нығайту -маңызды. Тек соңғы жылдары біз осы бағытта маңызды әрі жаңа жетістіктерге қол жеткіздік. Біздің қарым-қатынастарымыз берік және байланыстарымыз күшейе түседі. Біз осы бағыттан айнымаймыз.
Энтони Блинкеннің Қазақстанға сапары серіктестікті арттырады дейді сарапшылар. 30 жылдан астам уақыт ішінде екі ел елеулі табысқа қол жеткізді. Геосаяси қиын кезеңде ортақ айналым 37 процентке өсті.
Ерсұлтан ЖАНСЕЙІТОВ, ӘЛЕМДІК ЭКОНОМИКА ЖӘНЕ САЯСАТ ИНСТИТУТЫНЫҢ САРАПШЫСЫ:
Еліміз үшін АҚШ-тың алар орны ерекше. Қазақстанның басты серіктесі деп айтуға болады. Әсіресе, қауіпсіздік, энергетика, сауда және инвестиция секілді салаларда бірге жұмыс істеп келеді. Тіпті, алмағайып заманда да екі ел арасындағы қарым-қатынас үзілмей, айналым өсіп отырды. Бұл кездесу алдын-ала жоспарланған деп ойлаймын.
Америкалық дипломат Қазақстандағы саяси және экономикалық өзгерістерге жоғары баға берді. Ал Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Президенті Джо Байденге жүрекжарды сәлемін жолдады.