Русский Сайттың толық нұсқасы

«Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед жұмыс сапарымен БҚО-на барды

  • AstanaTV
  • 05 қыркүйек 2016
  • 3028

Батыс Қазақстан облысында шағын және орта бизнесті дамытуға мүмкіндік мол. Кедендік одақтың арқасында кәсіппен айналысуға ынталы адам ісін өркендете алады. Облысқа сапарында «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед осылай деді. Ол өңірдегі еңбек адамдарымен кездесіп, мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысымен танысты. Астықтан мол өнім жинап, рекорд орнатқан диқандармен кездесіп, тұрғын үй құрылысының жай-жапсарына қанықты.

Облыстағы «Матевосян» шаруа қожалығы күздік бидайдан гектарына 50 центнерден өнім алды. Мұны дихандар рекордтық көрсеткішке балап отыр. Құрылғанына 17 жыл толған шаруашылық мал өсірумен айналысып, кейін егін егуге көшкен. Жер аумағы 17 мың гектарға жуықтайды.

Алмагүл Хамитова, өндірістік-технологиялық зертхана басшысы:

Әуелі алған бидайымыз күздік бидай, бидайдың сапасы 3-класс, клейковинасы 25 проценттен жоғары, салмағы 760-тан кем емес. Өнімдеріміз Қазақстанда жақсы алады және Ресей, Түркіменстан, Қырғызстан, Кедендік одақ елдеріне шығарып отырмыз. Өніміміз жақсы өтіп жатыр.

«Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед, мұндай жетістік тынымсыз еңбектің жемісі екенін атап өтті. Құнарлы жерді игеру заманауи технологиямен ұштасқанда ғана диқан еңбегі нәтижелі болатынын айтты. Әрі өңірде ауыл шаруашылығы саласына үлкен қолдау бар. Биылдың өзінде аграрлық секторға бюджеттен 7 миллиард теңге бөлініпті.

Мұхтар Құл-Мұхаммед, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

Бір гектардан 50 центнерден астық өнімдері алынған. Оралдың халқы біледі, мұндай көрсеткіш бұл регионда ондаған жылдарда бір-ақ рет болатын көрсеткіш. Осының бәрі мемлекеттің жәрдемінің арқасында мүмкін болып жатқан жағдай. Егер ондай мемлекет тарапынан көрсетілмегенде, мұндай жетістіктерге қол жеткізудің өзі қиын болар еді.

Өнімін өзге елдерге кедергісіз өткізетіндердің бірі - оралдық жиһаз фабрикасы. "Бизнестің жол картасы-2020" бағдарламасы аясында әлеуетін арттырып, 14 мыңнан астам тұрмыстық жиһаз шығарған. Бұл іске 1 миллиард теңгеден астам қаржы бөлініпті.

Александр Пшеничный, кәсіпкер:

Біздің жағдайымыз Ресей мен Белоруссиядан әлдеқайда жақсы. Ресейліктер тіпті төмен пайызбен несие беретініне қатты таңғалады. Бұл бастаған ісімізді сәтті іске асыруға үлкен мүмкіндік беріп отыр.

Еліміз бойынша 2010 жылдан бері "Бизнестің жол картасы-2020" бағдарламасы аясында 8 мыңнан астам жоба жүзеге асырылып, бір жарым триллион теңге бөлініпті. Бұл - Қазақстанның осыдан он жыл бұрынғы бюджетімен парапар. Бизнесті дамыту кезек күттірмейтініне тоқталған Мұхтар Құл-Мұхаммед өңірдегі "Нұрлы жол" бағдарламасы бойынша салынып жатқан тұрғын үйлердің құрылысымен де танысты. Биыл Оралдағы "Арман" шағын ауданында 144 пәтерлік тұрғын үй пайдалануға берілмек.

Еркін КАРИН