Русский Сайттың толық нұсқасы

Солтүстік Қазақстан облысында 315 үй су астында қалды

  • AstanaTV
  • 09 сәуір 2016
  • 1688

Синоптиктер сәуірдің 11-не дейін Ақтөбе, Қостанай, Ақмола, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарында су басу қаупі жоғары екенін ескертті. Осы аптада Қарағанды облысының Шет ауданында су қоймасы, Ақмола облысы, Атбасар ауданында дамба бұзылған. Қостанайда бір мөлтекаудан, Астанада Есілдің сол жағалауындағы Сығанақ көшесін  су алып кетті. Ал СҚО –да қалың қардың еруінен бірнеше ауылды су басып, кейбір жолдарды су шайып кетті. Солтүстік өңірде түн әлі де ызғарлы, үйін су басқан адамдардың тартқан зардабын түсінесіз бе?.. Осы облыстағы меншікті тілші Абзал Құрманкиннің репортажы.

Күн күрт жылынып, қар лезде ерігенде қызылжарлықтар абыржып қалды. Көшелердің арықтары тазаланбағасын, аққан су көлшіктерге айналды. Шаһардың кей аудандары кішігірім Венецияны елестеді. Жүрт сумен арпалысудан әбден қажыды.

Дана Увалиева,  Петропавл тұрғыны:

Қызым тубдиспансерде 8 ай жатып шықты. Мен де туберкулезбен ауырып жүрмін. Барлығы мына сыздың кесірінен. Қалалық әкімдік екі жыл бұрын көмектесеміз деген. Содан кейін хабарсыз кетті. Арасында төтенше жағдай қызметкерлері келіп, суды сорып кетеді. Бірақ, су лезде қайтадан толып қалады.

Төтенше жағдай қызметкерлері бәріне бірдей жәрдемдесуге қауқарсыз. Құзырлы орган өкілдерінің хабарлауынша, күні бүгінге дейін көмекке мұқтаж адамдардан үш мыңнан астам өтініш түскен.

Евгений Журавлев,  СҚО ТЖД баспасөз хатшысы:

Жағдай қиын. Тұрғындар штабқа күні-түні телефон шалады. Олардың өтініштері назарсыз қалдырмауға тырысамыз. Жұртқа жалғыз біз ғана емес, сондай-ақ коммуналдық қызметтер мен сумен қамту кәсіпорны да көмектесіп жатыр.

Қазір Есіл өзенінен де қауіп төніп тұр. Солтүстік Қазақстан облысындағы су жүйесінің күретамыры саналатын Сергеев су қоймасында өзен деңгейі 197 сантиметрге көтерілген. Демек, өзен жағасында орналасқан ауылдарды су басуы мүмкін. Арасында Петропавл төңірегінде орналасқан Заречный мен Былғары зауыт кенттері бар.

Марат Тасмағанбетов, Петропавл қаласының әкімі:

Су Петропавлға ертең келуі мүмкін. Егер Есіл деңгейі көтерілсе, Заречныйда 10 үй, ал Былғары зауыт кентінде 26 үйді су басу қаупі бар. Тасқынға төтеп беру үшін ақ балшықтың мыңнан астам шаршы метрін дайындап қойдық. Эвакуациялық орталықтар да әзір.

Өңірде еріген қар суы да ауылдарды бірінен соң бірін басып жатыр. Қазір облыс бойынша 16 ауыл сумен арпалысуда. Барлығы 315 үй  су астында қалды. Тасқын тек Тайынша ауданының өзінде 5 ауылды әбігерге салды. Зардап шеккен тұрғындар жергілікті мектептерге орналастырылды. Ал кейбірі жақын жұрағаттарын паналауды жөн көрді. Су басқан елді-мекендерде 265 бірлік техника арық қазумен әлек. Ауыл жұрты да, күректерін сайлап, құтқарушыларға көмектесіп жүр. Қазір жұмыла тындырылған жұмыстың арқасында Ясная Поляна ауылында тасқынның беті қайта бастады.

Владислав Галицкий, Ясная поляна ауылдық округінің әкімі:

Апаттың қауіпті екенін түсінген адамдар керек жарақтармен қамданып, арық қазысты. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарғанның арқасында су деңгейі төмендей бастады. Ауыл мектебіне жүзден астам тұрғын көшірілді. Олар төсек-орынмен және азық-түлікпен қамтылған.

Судан Солтүстік Қазақстан облысында тағы бірқатар аудандарға қауіп төніп тұр. Шарық су қоймасындағы су деңгейі шарықтау шегіне жеткен. Осыған байланысты Шарық өзенінің бойында орналасқан 5 ауылды су басуы мүмкін, дейді төтенше жағдай департаментінің өкілдері. Құтқарушылар  апаттың алдын алу мақсатында екі ауылдың адамдарын эвакуациялады. Мәдениет ауылынан 10 үй, ал Көгілжарда 25 баспананың тұрғындары көшірілді. Барлығы 110 адам эвакуациялық орталыққа орналастырылды.

Рустем Жұмағалиев, СҚО ТЖД басқарма басшысы:

Шарық су қоймасында судың деңгейі 2 метрге дейін жетті. Алайда, қазір төмендей бастады. 15 сантимерге түсті. Бізге басқа облыстардан төтенше жағдай мамандары қол ұшын созды. Қазір апат орындарында өзге өңірлерден келген 33 бірлік техника мен 125 адам жұмыс істеуде. Жамбыл ауданынан тағы 12 техника мен 50 адам келе жатыр.

Топан су тас жолдарды да жайпап өтіп жатыр. Көлік басқармасының берген мәліметіне сенсек облыс бойынша 38 жерде асфальттың үстімен су ағуда. Кей жолдар күшті ағынға шыдас бермей, қақырай бөлініп жатыр. Мәселен, су тасқыны Петропавл-Қостанай республикалық маңызы бар жолдың 40 метрін шайып кеткен.

Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметіне сенсек, су апатының ылаңы әдетте 4-5 аптаға созылады. Алайда қашан да төтеннен басталатын су тасқынының қашан саябырситынын ешкім дөп басып айта алмайды. Тиісінше, шығын көлемі туралы сөз қозғау да ерте. 

А.Құрманкин «Біздің уақыт».