Русский Сайттың толық нұсқасы

Қостанай облысында қоймадағы су азайып, сапасы нашарлаған

Рудный шаһары ауыз сусыз қалуы мүмкін. Қазірдің өзінде қала тұрғындары құбырдың суын көп тұтынбайды. Өйткені сапасы - нашар. Сондықтан қосымша шығындалып, тазартылған тіршілік нәрін сатып алуға мәжбүр. Ал мамандар аймақтағы ең ірі екі су қоймасының жартысынан астамы босап қалғанын айтады. Қойма суы азайғасын балдыр басып, сапасы төмендеген.

Облыстағы ірі су қоймаларының бірі – Қаратомар. 1965-ші жылы пайдалануға берілген. Жалпы сиымдылығы -586 млн текшеметр. Бірақ қазір қойманың тең жартысынан астамы бос тұр.

Дәурен ӘБДІХАМИТОВ, «ҚАЗСУШАР» РМК ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Біраз жылдан бері су келмеді. Тасқын жоқ. 2005-ші жылы соңғы рет жеткілікті келді. 20 жылға жуық уақыт жоқ яғни.

Қаратомардың суын Рудный қаласы мен Қашар кенті тұтынып отыр. Тұрғындар соңғы жылдары құбыр суы мүлде ішуге жарамсыз күйге түсті дейді.

Медет ӘЛІШЕВ, РУДНЫЙ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Кранның суы ащы. Амал жоқ ішеміз. Балаларға оны беруге болмайды. Көшедегі тазартылған суды сатып әкелеміз. Оның өзі қымбаттап кетті.

Абзал НҰРСАЛОВ, РУДНЫЙ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Краннан ішпейміз. Таза емес. Көзге де көрініп тұрады сарғайып кеткені. Көшедегі фильтрдің суын әкеліп ішеміз.

Мамандар көктемгі тасқыннан да көп су келмейтінін айтады. Мысалы Қаратомарды толтыру үшін кемінде 176 миллион текшеметр су қажет. Ал болжам бойынша биыл 90 миллион текшеметр су келуі мүмкін. Қоймадағы тіршілік нәрі азайған сайын тұрғындар тұтынатын судың сапасы нашарлай түседі. Қала билігі дереу ұңғыма қазу керек деп дабыл қағуда.

Виктор ИОНЕНКО, РУДНЫЙ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

Бізге ұңғыма қазу арқылы қосымша су көздерін пайдалануға дереу кірісу керек. Мұндай орын бар. Атқарылатын жұмыстың жобасын жасау 18 миллион теңге тұрады. Ал ұңғыманы толық іске қосуға жарты миллиард теңгеден астам қаржы қажет болуы мүмкін.

Жергілікті билік тығырықтан шығудың жолын жерасты суларын пайдалану арқылы тапқандай болып отыр. Алайда ұңғымадан аққан су қажеттіліктің 30-40 пайызын қамтиды.