Русский Сайттың толық нұсқасы

«ЭКСПО-2017» көрмесіне дайындық жұмыстары жалғасып жатыр

  • AstanaTV
  • 06 қыркүйек 2016
  • 3232

ЭКСПО көрмесіне орай Қазақстанға 400 мыңға тарта шетелдік турист келеді деп болжанып отыр. Жалпы, халықаралық көрмеге 100-ден астам елдің өкілдері келетіні белгілі болды. Бүгінде 99 мемлекет көрмеге қатысатынын растап, олардың жетпісімен келісімшарт жасалған. Бұл туралы «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Ахметжан Есімов мәлімдеді.

Ахметжан Есімов, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК басқарма төрағасы:

Бастапқыда негізгі мақсат құрылысты уақытылы аяқтау болған. Ал қазір көрмеге қатысушы елдермен байланысты үзбей, ауқымды жұмыстар атқарып жатырмыз. Оның үстіне құрылыстың басым бөлігі аяқталды. Енді келесі айдан бастап әр мемлекеттің өкілдері өз көрмелерін дайындауға келе бастайды.

Сондай-ақ, Ахметжан Есімов ЭКСПО құрылысынан 131 миллиард теңге үнемделгенін жеткізді. Бұл сома жыл соңына қарай ұлғая түспек. Оның үстіне көрмеге демеуші болған әлемдік компаниялар берген 125 миллион еуро тағы бар. «ЭКСПО жобасында бұрын-соңды болмаған 46 мың жұмыс орны ашылды. Сондықтан бұл дағдарысқа қарсы бағдарламамен тең», - деді Есімов. Сондай-ақ, ол Қазақстанға келуші туристердің аздығына көңілі толмайтынын айтты.

Өткен жылы елімізге 70 мыңдай ғана шетелдік турист келгенін қынжыла отырып жеткізді. ЭКСПО көрмесі осы мәселеге де оң әсерін тигізбек. Ал әзірге шешімін таппай тұрған басты мәселе саяхатшыларға жол нұсқаушы мамандардың аздығы екен.

Өмірзақ Юсупов, Астаналық туризм қауымдастығының атқарушы директоры:

Гидтер жеткіліксіз, біріншіден. Екіншіден, қалада сертификатсыз гидтер жумыс жасап жатыр. Басқа қаладан келгендер бар. Олар, біріншіден, қаланы білмейді, екіншіден, олардың білімі жоқ.