Русский Сайттың толық нұсқасы

Балалар енді желіде күніне 60 минут қана отыра алады

Балалар енді желіде күніне 60 минут қана отыра алады. TikTok жақын арада жаңа функцияны енгізбек. Осы арқылы ата-ана баласының желіде отыратын уақытын шектейді. Уақыт аяқталғаннан кейін қайта кіру үшін компания баланың ата-анасынан арнайы код сұрайды. Рұқсат берсе, тағы 30 минут пайдалануға рұқсат бар. Мұндай шектеу баланың телефонға тәуелділігін төмендете ала ма? Әлде, бос әурешілік пе? Аружан Задабек зерттеді.

Аружан ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Менің бүгінгі тақырыбым, тик-ток желісі жайлы болмақ. Жасыратыны жоқ, үлкені де, кішісі де бұл желіні көп пайдаланамыз. Тіпті, күніміздің жартысы осы желідегі видеоларды тамашалаумен өтетіні де жасырын емес. Мен дәл қазір бұл желінің балаға, жалпы адамға қаншалықты зиян екенін сіздерге дәлелдеп көрпекпін. Ол үшін бір күн бойы тик-ток желісінен бас алмай қараймын. Мендегі өзгерісті сіздер менімен бірге білетін боласыздар.

Шыққаны кеше ғана, бірақ бұл қосымша бүкіл әлемді жаулап үлгерді. Тіпті қолданушылар саны бойынша ютуб, инстаграм, фейсбуктан да асып түсті. Трендке айналғаны сонша, бала көзін тырнап аша сала осыған ынтығады. Кім кірсе де, шыға алмайтыны анық.

Аружан ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Мен телефонмен бір сағат отырдым. Өзімдегі өзгерісті байқау үшін дәл жанымыздағы дәріханаға келдім. Қазір көрейік. Менің қан қысымымда қандай да бір өзгерістер болды ма екен? Менің қан қысымымның төмен екенін ескерсек, 140/90 мен үшін жоғары. Демек телефонның әсері болады екен.

Бір сағаттан кейін, төбе құйқам шымырлап, басымның солқ-солқ етпесі бар ма? Әрі қарай көрейік.

Аружан ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Мен түсірілім алаңындамын. Әлгі эмоциядан әлі де шыға алмай отырмын. Кішкене шаршаңқылық бар. Осындайда, шынымен, тик-токқа шектеу қойылу керек па деп ойланып қаласың. Ал, халық қалай ойлайды?

БЛИЦ:

- Давно пора! Потому что тефоннан басқа кітап оқығысы келмейді. Оқуға барғысы келмейді. Тик-токтан шықпайды.

- Барлығы телефонмен күнімен, түнімен 24 сағат құшақтап жатады. Одан олар ауру болды. Милары істемейді, денсаулығы жоқ. Мен қарсымын телефонға.

- Күндегі тәрбиені телефоннан қарап жатыр. Ата-анада уақыт жоқ. Міне, осы жақсы. Мен қолдаймын.

- Қолдамаймын. Өйткені, мен, өзім көп отырамын.

Қолдамаймын деген жасөспірімнің жасы – 15-те. Ол бұл бастаманың жәй ғана әурешілік екенін айтады. Өйткені, желіні пайдаланамын деген бала, жасын өзгертіп, қалағанынша отыра алады – дейді. Өзі де солай жасайды екен.

Әйгерім ТҰҢҒЫШБАЙҚЫЗЫ, ДӘРІГЕР:

Спорт жоқ, денесі бір қалыпта. Мойыны бір қалыпта. Ерте қан айналым бұзылады. Көзге керек қорек дұрыс келмейді қан айналым бұзылғаннан кейін.

Кеш қарая сіркем су көтермей, болмашыға ашулана бастадым. Бұл да тик-токтың әсері дейді – психолог.

Мөлдір БОЛАТҚЫЗЫ, ПСИХОЛОГ:

Адами нормаларға сәйкес келмейтін нәрселерді норма ретінде көрсетеді. Мысалы, жеуге болмайтын нәрселерді, қиюға болмайтын нәрселерді қиып тастау деген сияқты. Құндылықтарды жойып жатыр.

Тура бір апта бұрын бірнеше мемлекет Тик Токты өз елдерінде бұғаттады. Америка конгресі шектеу қойды. Көршілес Қырғызстанда да депутаттар желіні бұғаттау мәселесін қолға алды. Осыдан кейін бе, әйтеуір, платформа басшылары осындай шектеу қоюды қолға алды. Жаңа өзгерістерге сәйкес ата-аналар ТикТокқа кіру уақытын өздері белгілей алады. Тіптен мүлдем смартфондарынан өшіріп, ешқашан жүктей алмайтындай бұғаттауына мүмкіндік бар.