Атырауға Ресей Федерациясынан көшіп келген қандастардың саны былтыр 10 есеге артқан. Тарихи Отанына оралған этникалық қазақтардың басым көпшілігі елдің азаматтығын алып, тұрақтап қалуды көздейді дейді мамандар. Сондай-ақ соңғы кезде Өзбекстаннан қоныс аударған қандастар көбейген.
Рузанна Тоқсанбаева былтыр қандас мәртебесін алған. Қазақстанның азаматтығына құжат тапсырып қойыпты. Ресейдің Астрахань облысынан жолдасының жұмысы бойынша көршілес Атырауға уақытша көшіп келген. Алғашында 2-3 ай ғана боламыз деп ойладық дейді күліп. Бірақ Қазақстандағы тұрақты жұмыс, қолжетімді қызмет, мейірбан халық пен алаңсыз өмір ұнағандықтан, тарихи отанда қалуды ұйғарыпты. Жастардың бұл шешімін Ресейдегі ата-анасы да қуана қолдаған.
Рузанна ТОҚСАНБАЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Бізге ешқандай қиындық та, кедергі де болған жоқ. Ешкім сырттан келдіңдер деп итерген жоқ. Ондай сөзді естімедік. Қазақстан өте қонақжай. Адал, достық пейілмен келсе, құшағын жаяды. Мемлекеттік органдар құжатымызды көппен бірге қабылдады. Басына баламда Реседің туу туралы куәлігі болды. Тіркелдік, мектепке бердік. Сыныптастары білді Ресейден келгенін. Мектепте де буллинг болған жоқ. Жайлы жерде оқып жатыр. Қазақша үйренуде. Болашағымызды Қазақстаннан көреміз.
Рузанна ресейлік достарының да Қазақстанға тұрақтауға қызығушылық танытып, құжаттар қалай жинауға болатынын жиі сұрайтынын жасырмайды. Жалпы былтыр Атырауға шетелден көшіп келген қандастарымыздың саны артқан. Мәселен, 2021 жылы 9 адам қоныс аударса, былтыр 340 отбасы, 431 адам келген. Оның 150-сі Ресей Федерациясынан. Биыл қандас мәртебесін алған 78 адамның 21-і Ресейден,- дейді мамандар.
Мейрамбек АЛДИЯРОВ, ОБЛЫСТЫҚ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАР БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:
Олар қандас мәртебесін алғанан кейін басқармаға келіп, біздерден әрі қарай қандай құжаттар жинау керектігін, сол бойынша азаматтық алғысы келетінін айтып кетеді. Біздер айтамыз көші-қон басқармасына барып, құжаттар тапсырып, азаматтық алуға болатынын ескертеміз.
Елге қоныстанған қазақтар ел экономикасының сан саласында еңбек етіп жүр. Мәселен Рузанна мен жолдасы белді компанияда инженер. Тіпті кейбір қандасымыз болашақта кәсіп ашу үшін «Бастау бизнес» бағдарламасымен оқып жатыр екен.