Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтөбе қаласы су астында қалды: әкім не дейді?

  • AstanaTV
  • 09 наурыз 2023
  • 1513

Ақтөбе қаласында күн күрт жылып, тәулік ішінде 11 мың текше метр су сорылды. Қала әкімі Мұрат Жөребеков шаһарды су басу себебін атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ақтөбе қаласында қар шығару, су сору жұмысы тәулік бойы жалғасып жатыр. Қыс басталғалы полигонға 205 мың текше метр қар шығарылған.

«Алдымен неліктен біз жыл сайын осындай жағдайға тап боламыз деген сұраққа жауап берейік. Біріншіден, қаланы қардан тазарту.Қар толық көлемде дұрыс шығарылмайды және оның салдарынан күн жылыған бойда жаппай еріп, көшелерді су басып жатады. Бұл жерде тұрғын массивтерді қоса алғанда қала аумағын қардан тазалауға бөлінетін қаржы көлемінің қаншалықты сәйкес екенін зерделеп қарау керек. Яғни, осыдан қар тазалау техникасы бізге жеткілікті ме және саны көп мердігерлердің жұмысын бақылауды қалай жақсартуға болады деген сұрақтар туындайды. Екіншіден, суағарлар, арналар, арықтар, яғни жол инфрақұрылымы. Біздің қаламызда ол дамымаған, ескірген және көп жерлерде суағарлар мүлдем жоқ. Не істеуіміз керек? Уақыт өткізбей жаңа суағарлар салуымыз және қолда барларын жөндеуіміз керек. Үшіншіден, су тасқынына қарсы жұмыстарға арналған құрылғылар мен заманауи техниканың жоқтығы қолбайлау. Жаңа заманауи насостар, жабық суағарларда қатқан мұзды тазалайтын және ерітетін, т.б. құралдарды сатып алуымыз қажет», - деді қала әкімі Мұрат Жөребеков.