Русский Сайттың толық нұсқасы

Шығыс Қазақстан облысында 500 тоннадан астам шөп өртеніп кетті

  • AstanaTV
  • 07 қыркүйек 2016
  • 3072

Шығыс Қазақстан облысында өрт оқиғасы жиілеп тұр. Тілсіз жау әсіресе мал азығын жалмап барады. Ресми ақпар бойынша жыл басынан бері 500 тоннадан астам пішен жанып кеткен, шөп қоралардың күлге айналуы өткен жылмен салыстырғанда 50 пайызға көбейіпті. Оның себебі сан алуан. Мал азығын дұрыс сақтамаудан осындай келеңсіздіктер туындаған. Кейбірі тіпті қасақана қойылған өрт болуы да мүмкін. Толығырақ келесі бейнематериалда.

Бір түнде Гагарино ауылындағы 30 тонна шөп күлге айналды. Түн ортасында аулаға шыққан жергілікті тұрғын Ирина Кривенко шөп қораның өртеніп жатқанын байқапты.

Ирина Кривенко, Гагарино ауылы тұрғыны:

Шөп алдымен анау бақша жақтан өртене бастады. Біз өшіруге кірістік. Көршілер көмекке келді. Өрт сөндірушілер келіп, әйтеуір, мына мая аман қалды. Күні бойы өртпен алысып, түнге дейін сөндірді. Аман қалғаны суға малшынды, енді оны мал жемейді. 

Өрттің неден шыққанын мамандар анықтайтын болады. Ауыл халқы биыл жауын-шашын мол түскендіктен, шабындықтың жайқалып шыққанын айтады. Сондықтан мал азығын ерте қамдап, дайындап қойған. Оның үстіне далада азық мол болған соң малды союға да негіз жоқ деп отыр. Ал бұл шөп сататындар мен мал алатындардың кәсібін тұралатады. Қысқа жинаған мал азығының жиі өртенуі біреудің қасақана істеген ісі ме деген күдік те жоқ емес. Алайда тергеушілер оған негіз жоқ деп отыр. Өйткені куәгер жоқ, оның үстіне қасақана жасаған адам қылмыс іздерін жойып жібереді. Сондықтан өрт сөндірушілер шөпті сақтаудың тәртібін түсіндіруге көшкен. Бірақ ауылды жерде арнайы нормалар сақтала бермейді. 

Ботақан Соптояков, Гагарино ауылының тұрғыны:

Үйлердің орналасуы мүмкіндік бермейді, баспаналардың қашықтығы 50 метрде болуы керек. Тоқ тарататын жерден тағы 20 метр алыс болу керек. Сонда шөп қора қайда болады? Далаға үй салу керек ол үшін. Пішенді үйден 30 метр қашықта болуын, төтенше жағдай орын алмауын барынша қадағалап жүрміз.

Анастасия Скляр, ШҚО төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз хатшысы:

Жәбірленуші тұлға оқыс оқиғаға кінәлі болып табылады, тіпті  әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Жеке тұлғаларға айыппұл көлемі 5 АЕК және заңды тұлғалар үшін 15 АЕК. Егер өрт желмен өршіп, жақын жердегі нысандарды да отқа ораса, яғни көршілердің үйлері зардап шексе, ол үшін де жәбірленуші жауапкершілікке тартылады. Бұл өзекті мәселе. Сондықтан сақ болған абзал.

Негізгі күн көрісі төрт түлікке қараған ауыл халқы үшін мал азығынсыз қалу апатты жағдаймен тең. Жинаған шөп жиі өртене берген соң, жергілікті тұрғындар өз араларынан халық жасағын құрды. Еріктілер ауылда және әлі шөбі тасылып үлгермеген шабындықта кезекшілікте тұратын болып уағдаласты. 

Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ