Қостанай облысында жас спортшылардың атын жамылып ақша жымқырған жаттықтырушылар жазаға тартылды. Бапкерлердің қитұрқы әрекеті Лисаков қаласындағы балалар және жасөспірімдер спорт мектебін тексеру барысында әшкере болған. Мекеменің жаттықтырушылары жарысқа және оқу-жаттығу жиындарына қатысты деген желеумен қаржылық есеп тапсырып отырған. Нәтижесінде 6 миллион теңгені қалтаға басқан көрінеді. Шындығында балалар ешқандай жарысқа бармаған. Күдіктілер кінәсін толық мойындап, қаражатты толық қайтарған. Екі бапкерге қатысты іс тоқтатылды. Ал үшіншісі 3 жыл 6 айға шартты түрде жазаға кесілді.
Зәуре ЕДИКОВА, ОБЛЫСТЫҚ СОТ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:
Лисаков қалалық соты бөтеннің сеніп тапсырған мүлкін заңсыз иеленгені және жымқырғаны үшін қалалық жасөспірімдер спорт мектебінің үш жаттықтырушысына қатысты сот үкімін шығарды. Жәбірленуші тараппен бітімгершілікке келу және шығынды толық өтеуге байланысты екі жаттықтырушыға қатысты қылмыстық іс тоқтатылды. Үшінші жаттықтырушы сот үкімімен 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып,ҚК 63 бабы қолданылып жаза шартты түрде белгіленді. Үкімдер заңды күшіне енді.