Русский Сайттың толық нұсқасы

Мұхтар Тінікеев: Жол ережесін бұзғандарға айыппұлды азайту керек

  • AstanaTV
  • 07 қыркүйек 2016
  • 3527

Жол ережесін бұзғандарға айыппұлды азайту керек. Мәжіліс депутаты Мұхтар Тінікеев осындай ұсыныс жасады. Айтуынша, айыппұл көлемі тым жоғары. Мысалы, соңғы 15 жылда кейбір айыппұлдар мөлшері 25 есеге артқан. Яғни 15 мың теңгеден 396 мың теңгеге өскен. Ал еңбекақы небәрі 7 есеге ғана артып отыр. Сондықтан айыппұлды екі есеге дейін қысқарту керек, - деді Мәжіліс депутаты. 

Мұхтар Тінікеев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты "Нұр Отан" фракциясының мүшесі:

Биылғы 6 айда 389 374 құжат өндiрiске түстi. Барлығы 16 миллиард теңгені құрайтын 828 899 құжат бар. 210 мың 237 құжат орындалды. Орындайтын ешкім болмаса, МАИ қызметкерлері не үшін айыппұл салады? Бұл дегеніңіз, 829 мың адамға МАИ қызметкерлері айыппұл салған. Бұл мәселені оқиға орнында шешіп кеткендерді қоспай есептегендегі көрсеткіш. 

Ішкі істер министрінің орынбасары депутаттың ұсынысымен келіспейді. Оның сөзінше, айыппұл көлемін арттыру жол апаты мен адам өлімін азайтқан. Мәселен, соңғы жарты жылда жол көлік оқиғасы 3 есеге қысқарды. Ал Бас прокурордың орынбасары керісінше халық қалаулысын қолдап сөйледі. Андрей Кравченко, жолдағы тәртіпті айыппұлды көбейту арқылы жөндеу дұрыс емес, дейді. 

Андрей Кравченко, ҚР Бас прокурорының орынбасары:

МАИ қызметкерлерінің негізгі міндеті - жүргізушілерді жазаға тарту емес. Керісінше, жол нұсқауы керек. Біз әрқашан да осыны айтып келеміз. Ағаштың артына тығылып, жылдамдықты аңдып тұру - дұрыс емес. Бастысы - жолдағы тәртіпті сақтау керек.

Депутат Тінекеевтің ұсынысы жұмыс тобының арасында дау тудырып үлгерген. Жиынға келгендер ақылдаса келе, жағдайдың егжей-тегжейін қарау керек деген шешім қабылдады. Айта кетейік, отырыс БАҚ өкілдері мен қоғамдық және үкіметтік емес ұйым өкілдерінің қатысуымен жаңа форматта өтті. Қатысушылар белсенділік танытып, өз ұсыныстарын айтты. 

Евгений Жовтис, адам құқықтары мен заңдылықтың сақталуы жөніндегі халықаралық бюро төрағасы:

Бұл дұрыс тәжірибе, пікір алуандығы неғұрлым көп болған сайын, соғұрлым дұрыс шешім қабылдауға мүмкіндік артады. Қосымша ақпарат алуға, өзге де дәлелдерді тыңдауға зор мүмкіндік туады.