Русский Сайттың толық нұсқасы

«Бір жылдың ішінде ауқымды реформаларды жүзеге асырдық», - Қ.Тоқаев

«Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы». Бұл өткен жылғы Президенттің Қазақстан халқына жолдаған төртінші жолдауы. Онда мемлекет басшысы «Күшті Президент - ықпалды парламент - есеп беретін Үкімет» құру стартегиясын ұсынып, «суперпрезидентіктен» бас тарту туралы батыл шешім қабылдаған еді. Одан бері де 1 жыл уақыт өтті. Не өзгерді? Тілшіміз Бекболат Сатуов тарқатады.

Мемлекет басшысының наурыздағы халыққа жолдауында саяси реформалар 10 бағытқа бөліп қарастырылды. Оның ең алғашқысы Президенттің өкілеттігі туралы еді. Онда Қоғам да, еліміз де өзгерді, деген Қасым-Жомарт Тоқаев «суперпрезиденттік» басқару үлгісінен біртіндеп бас тарту керектігін айтып, саяси партияларды мемлекеттік аппаратқа кірігуіне мүлдем жол бермеу керек деген еді.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Президент өзінің өкілеттігін атқару кезеңінде партияға мүшелігін тоқтата тұруға міндетті екенін заң жүзінде ресімдеуді ұсынамын. Бұл норма саяси бәсекені арттырып, барлық партияның дамуына бірдей жағдай жасайды. Осылайша, біз еліміздің болашақтағы көшбасшыларын негізгі саяси институттарды өзіне бағындырып алуға құмар болудан сақтаймыз. Дәл сол сияқты, Орталық сайлау комиссиясының, Есеп комитеті мен Конституциялық кеңестің төрағалары және мүшелері міндетті түрде партиядан шығуы керек деген норманы да заңнамаға енгізген жөн.

Осылайша елімізде ауқымды реформалар бастау алды. Ата заңға өзгерістер енгізіліп, референдум өтті. Маңызды мәселелерді талқылау үшін ұлттық құрылтай құрылды. Сот жүйесіне өзгерістер енгізіліп, конституциялық сот жұмысын бастады. Партиялар саны артып, сайлау аралас жүйеге көшті. Мұны Президент саяси жаңғыру процесі деді.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Еліміз дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Бір жылдың ішінде ауқымды реформаларды жүзеге асырдық. Билік жүйесін жаңа талапқа сай жаңғырту үшін бірнеше саяси науқан өткіздік. Маңызды мәселелерді талқылау үшін Ұлттық құрылтайды құрдық. Мемлекеттігіміздің тұғырын және ел бірлігін нығайтатын жаңа идеологиялық тұжырымдар ұсындық. Наурыз мейрамын жаңаша атап өте бастадық. Республика күнін қайта жаңғырту тарихи қадам болды.

Саясаттанушы Риззат Елюбаевта елдегі саяси жүйенің жаңғырғанын аңғару қиын емес дейді. Оны саяси бәсекелестіктің артқанынан ағаруға болатынын айтады.

Риззат ЕЛЮБАЕВ, САЯСАТТАНУШЫ:

Біріншіден басты аңғаратынымыз «Күшті Президент - ықпалды парламент - есеп беретін Үкімет» қағидасын біртіндеп орындап жатқанын көріп отырмыз. Бұны қазіргі таңдағы өтіп жатқан партиялық саяси жаңғырумен және де жалпы саяси жүйенің жаңғыруынан аңғаруға болады.

Президенттің өткен жылғы Жолдауында айқындалған ауқымды саяси реформалар қазір ел ішінде ғана емес, шетелдерде де талқыланып жатыр. Сондықтанда Мемлекет басшысы елімізді дамыту жолында тың бастамалар көтеріп, оны табысты жүзеге асыру басты міндет деді.