Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстан экономикасы екі айда 4,3% өскен

  • AstanaTV
  • 14 наурыз 2023
  • 870

Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда биыл қаңтар-ақпанда Қазақстан экономикасы 4,3%-ға өсті. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров мәлім етті.

«Оның ішінде нақты сектордағы өсім 2,7%-ды, ал қызмет көрсету саласындағы өсім 5%-ды құрады. Негізгі салалардың барлығында оң динамика байқалуда, әсіресе құрылыс, сауда, ақпарат және байланыс салалары ең жоғары өсімді көрсетті. Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 19,2%-ды құрады», - деді ол.

Қуантыров атап өткендей, өңірлер арасында ең жоғарғы өсім Ұлытау, Маңғыстау, Павлодар және Қарағанды облыстарында байқалды.

«Алдын ала қорытынды бойынша 2023 жылғы қаңтарда сыртқы сауда тауар айналымы 15,7%-ға өсіп, 10,3 млрд долларды құрады. Оның ішінде экспорт бойынша көрсеткіш 0,4%-ға өсіп, 6,1 млрд долларға дейін жетті. Бұл ретте өңделген тауарлар экспорты 21,5%-ға ұлғайып, 2,1 млрд долларды құрады. Тауарлар импорты 4,2 млрд долларға жетті. Жалпы, оң сауда балансы 1,9 млрд долларға тең», - деді ол.