Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтөбенің Қобда ауданын су басып, жүздеген адам көшірілді

Ақтөбенің Қобда ауданын қызыл су басты. Аудан орталығында елу аула, 15 үй су астында қалды. Халық тек құжаттарын алып, үйлерінен шығып үлгерген. Өңірдегі жағдайды тілшіміз Бақыт Рахметова жеткізеді.

Топан су жеке уйлерге, спорт орталығы, мектеп, прокуратура ғимараттарын басып қалды. Су белден келеді. Құтқарушылар кешеден бері мал мен жанды қауіпсіз жерге шығаруда.

Жаңабай АЛДАРБЕКОВ, ТҰРҒЫН:

Ештеңе істей алмай қалды. Есімізді жия алмай қалды. Тез келіп қалды. Оншақты күн тұрса мына үйлер құлайды. Саман ғой. Көрші үйлер құлап жатыр. Менің сарайым, моншам құлады.

Аудан орталығында екі бірдей көше, елуге жуық аула, он бес үй зардап шекті. Саман кесектен салынған үйлер суға шыдас бермей жатыр. Бүгінде бір- екі үйдің төбесі опырылған. Жүздеген адам эвакуацияланды. Отыздан астам адам жылыту бекетіне орналастырылған.

Александр КРАСИЛЬНИКОВ, ТҰРҒЫН:

Өте қорқынышты болды. Барлығы түгел суға кетті. Мен үйден шығып суға түсіп кеттім. Құжаттарым мен итімді құшақтап қаша жөнелдім. Ештеңе алып үлгермедім. Бір киіммен қалдым. Осыдан басқа түгім жоқ

Адаммен қоса жүзге жуық ірі қара, үш жүздей қойда қауіпсіз жерге көшірілген. Қазір ауданда құтқарушылар мен полиция күшейтілген қызмет түріне көшкен.

Бақыт РАХМЕТОВА, ТІЛШІ:

Қобдаға қар суы кешкі сағат бастың шамасында келе бастаған. Судың екпінінің күштілігі сонша бір мезетте 48 ауланы су басқан. Арнайы қызметтер осы Самара-Шымкент тас жолын осы жерден ойып, суды далалыққа ағызуға мәжбүр болған.

Марғұлан АМАНБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ТЖД БАСТЫҒЫ:

Кеше осы Самара-Шымкент тас жолының үстімен су ағатын болса қазіргі кезде су үш метрден артық кетіпті. Тереңдігі 10 см төмендеді. Таңертең бақылау барысында жоғарғы жақтан келген сулар тоқтаған. Алты мың адам 1500 үйді аман алып қалдық.

Негізінде тасқынмен күреске Қобда ауданына 18 млн теңге көлемінде қаражат бөліНген. Қазірде оның жартысынан көбі жаратылыпты. Қазынадан тағы қаражат қарастырылып жатыр.

Болат ҚҰЛОВ, ҚОБДА АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:

Әлі Қобда өзені де көтерілуі мүмкін. Әлі де қауіп бар. Ауданнан екі бастан Төтенше жағдайлар байланысты барлық құралдар қамтылды. Қазіргі таңда бес нысанда берего укрепляющий жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Қазір аймақта арнайы комиссия құрылды. Селдің беті қайтқан соң шығын көлемі есептеледі.