Русский Сайттың толық нұсқасы

Биыл Атырау облысында 120 шақырымға жуық автокөлік жолы жөнделеді

Биыл Атырау облысында 120 шақырымға жуық жол жөнделеді. Ол үшін қазынадан шамамен 23 млрд. теңге бөлінген. Бұған дейін басталған ірі жобалар жалғасын тауып қана қоймай, ауыл көшелері жаңғыртылады.

Атыраудағы асфальт зауытында жұмыс қыз-қыз қайнап жатыр. Жол салуға арналған құм, шиыршық тас тау болып үйілген. Мердігер мекеме күн жылынысымен жол құрылысын бастап кетпек. 2019 жылы басталған облыстық маңызы бар Индер - Қарабау – Миялы – Сағыз автокөлік жолын жалғастырады.

Зайни МҰСТАЖАПОВ, МЕРДІГЕР КОМПАНИЯ ӨКІЛІ:

Біздер күн сайын, күнара 45 вагон келіп тұр. Жолға төселетін материалдар. Негізінен Ақтөбе облысынан келеді шебень, әртүрлі фракциялар, асфальтқа қосатын материалдар. Материалдан тапшылық жоқ.

Аймақта көлік инфрақұрылыммен айналысатын 5 ірі мердігер мекеме бар. Оның барлығы ауа райының қолайлы сәтін күтіп отыр дейді әкімдіктегілер. Айтуларынша, облыс көлеміндегі автокөлік жолдың жалпы ұзындығы - 3052 шақырым. Соның 72 пайызы яғни 1387 шақырымы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда.

Самат АЙТҚАЛИЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Биыл республикалық және жергілікті бюджеттен 22 ,9 млрд теңге қаражат бөлініп, 32 елдімекенге 120 шақырым автомобиль жолын жөндеу қайта жаңарту және салу жұмыстары жүргізіледі. Және осы биыл 2023 жылдың қорытындысымен 76 пайызға жеткізуді жоспарлап отырмыз.

Биыл қала маңындағы ауылдар мен облыстың 7 ауданында да ауылішілік жолдар жөнделеді. Ал атыраулықтар елеңдеп күтіп отырған «Атырау – Астрахань» жолының құрылысы келер жылы аяқталады. Биыл 137 шақырым жолды төменгі қабатымен пайдалануға беру жоспарланған.