Русский Сайттың толық нұсқасы

Оралда газ құбырының құрылысы үлкен дауға түрткі болды

  • AstanaTV
  • 09 қыркүйек 2016
  • 2950

Оралда көгілдір отынмен қамтуы тиіс резервтік газ құбырының құрылысы дауға айналды. Орманшылар құбыр жүргізу үшін сирек кездесетін ағаштарды отаған мердігер компанияны сотқа берген. Ал мердігерлердің айтуынша, газ құбыры стратегиялық маңызға ие нысан қатарына жататын көрінеді.

Еркін Карин, тілші:

Бір емес, бірнеше мекемені сотқа сүйреген газ құбыры - осы. Құрылысы былтыр басталған бұл құбыр жоспар бойынша келесі жылы аяқталуы тиіс еді. Бұл іске 3 миллиард 400 миллион теңге қарастырылған.

Қазір оралдық жылу қуат орталығына қажетті газ 70-жылдары салынған газ құбырымен келеді. Бірақ тозығы жеткен құбырлар бір күні істен шықса, күллі қала көгілдір отынсыз қалмақ. Сондықтан қосымша желі тарту жұмыстарын бастаған. Бірақ орманшылар құбырды тоғай ішімен жүргізген мердігерлерді топырақ қыртысын бүлдіріп, сирек кездесетін ағаштарды кесті деп сотқа шағым түсірді. Олардың сөзінше, табиғатқа жүздеген миллион теңге залал келген.

Мақсұт Ситалиев, Орал орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі ММ бастығының орынбасары:

Бұл аумақта үйеңкі, терек, шегіршін ағаштарымен қатар, біздің облыста Қызыл кітапқа енгізілген емен ағашы да өседі. Құрылысшылар осы ағаштар өскен аумақты отап тастаған. 

Жайқалған жасыл желектің сирегеніне бағбандар да қынжылады. Алдымен солар дабыл қағыпты. Өйткені өлкедегі орманның көлемі облыстағы жер аумағының бір пайызына да жетпейді.

Гүлнар Елтаева, бағбан:

Бәрін кесіп жатыр, құрылысқа кесіп жатыр, отынға кесіп жатыр. Дымын да қалдырмады. 

Бірақ жобадан кінәрат таппаған сот орманшылардың арызын қанағаттандырмапты. Қазір құрылыс толық қарқынмен жалғасуда.

Берік Есенғалиев, БҚО ТҮКШ және энергетика басқармасы басшысының орынбасары:

Мемлекеттік сараптамадан өткен жоба. Жоба жасалған кезде газ құбырының бойындағы барлық мекеме, шаруа қожалықтары бар, бәрімен бірінші келісім алынады. 

Ринат Бисенов, жоба жетекшісі:

Біз құбырды жүргізген кезде әлі бес тоғайды кесіп өтеміз. Бірақ бұл жолы бұл іске орманшыларды да жұмылдыратын боламыз.

Даулы құбырдың құрылысы келер жылы аяқталады. Мердігерлер бұл жұмыстардың белгіленген жобаға сай жүргізілетінін айтып сендіріп отыр.

Еркін КАРИН