Русский Сайттың толық нұсқасы

Атырауда сайлаушылар санының артуына байланысты қосымша 10 сайлау учаскесі ашылды

Еліміздің түкпір-түкпірінде де сайлауға дайындық қызған. Бүгін сайлау учаскелеріне сайлау бюллетендері жеткізіліп жатыр. Өңірлердегі қарбаласты тілшілеріміз толығырақ жеткізеді.

Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Ұлыстың ұлы күні қарсаңында мерекелік шаралармен бірге сайлау науқанына да дайындық қызу. Аумақтық сайлау комиссиясының мәліметінше, Атырауда 412 мың 165 сайлаушы бар. Олар 269 сайлау учаскесінде дауыс береді. Сайлау учаскесінің 11-і жабық, оның 9-ы емдеу орындары болса, біреуі - әскери, тағы бірі - тергеу мекемесі. Мұнайлы өңір болғандықтан, мұнда өзге облыстан келіп, вахталық әдіспен жұмыс жасайтындар көп. Олар да тіркеуге алынған.

Сәбит МЕҢДІБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ АУМАҚТЫҚ САЙЛАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Басқа өңірлерден вахталық әдіспен жұмыс жасайтын 10 299 сайлаушылар тізімге кірістірілген. Қашаған кен орнына «Д» аралына тікұшақ дайындалып отыр, ауа райы қолайсыз болса, су көліктерімен де дауыс алынатын болады.

Облыста 442 кандидат тіркелген. Оның 11-і мәжіліске, 75-і облыстық мәслихатқа кандидат. Және кандидаттардың 1864 сенімді өкілі тіркелген. Биылғы сайлауда халық ерекше белсенді.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- Бағдарламалармен таныстым. Атыраудың жағдайын жақсартамыз деп жатыр ғой, жақсы-жақсы бағдарламалар бар.

- Көп өзгеріс болғанын қалаймын. Адамдардың бақытты өмір сүргенін қалаймын. Сайлаудағы бағдарламалармен танысып жатырмын. Өзгерістер үшін дауыс беруге барамын.

5 сайлау учаскесінде тұрақты тіркеуі жоқ сайлаушыларды тіркеу үшін сервистік қызмет жұмыс істейді.

Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Айта кетейік, сайлау науқаны жариялаған кезден бері кандидаттың заңсыз үгіт жүргізуіне қатысты екі шағым түскен, бірақ прокуратура органдары тексеріп, заң бұзушылық құрам анықталмады. Тараздағы сайлауалды қарбалас қалай? Әріптесім Берік Жұмабай айтсын.

Берік ЖҰМАБАЙ, ТІЛШІ:

Әулие ата өңірінде 499 сайлау учаскесі дауыс берушілерді қабылдауға дайын. Барлық учаскелерде мүгедектігі бар адамдарға арналған бұрыштар жабдықталған. Әскери бөлімдердегі 3 сайлау учаскесіндегі дауыс беру таңғы 6-да басталады. Қалғандары азанғы 8-ден кешкі 20:00ге дейін жұмыс істейді. Облыс бойынша 717 мың 90 адам сайлаушылар тізіміне енгізілген. Ал енді дауыс беру тәртібі қандай? Еліміз үшін маңызды күнге дайындық қалай? Бұл туралы қазір менің қасымда тұрған аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Мәншүк Шоқанова айтады.

Мәншүк ШОҚАНОВА, №28 САЙЛАУ УЧАСКЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Сайлаушылар дауыс беру тәртібі бойынша жеке куәлігімен келіп, комиссия мүшелерінің тіркеуінен өтіп, жасырын дауыс беру кабинасына кіріп толтырады. Дауыс беру бюллетеньде сайлаушы өз таңдауын жасайды. Қазіргі таңда 28 сайлау учаскесі толық 100 пайызға дайын. Сайлаушыларға барлық жағдай жасалған.

Тараз тұрғындары ол күні өз таңдауымызды жасаймыз деп отыр. Себебі, ол еліміз үшін, балаларымыздың болашағы үшін маңызды дейді.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- Міндетті түрде қатысамын. Себебі бұл – менің азаматтық борышым. Әр сайлау сайын міндетті түрде таңғы 8 де оянып, өзімнің азаматтық борышымды өтеу үшін барамын.

- Сайлауға қатысамыз, дауыс береміз, әрине болашақ Қазақстанды ойлап отырмыз.

- Жолдасым, енем үшеуміз барамыз. Халықтың жағдайын түсінетін, халыққа қамқор болып жағдай жасайтын сондай кісілерді сайлаймыз.

Берік ЖҰМАБАЙ, ТІЛШІ:

18-ге толған кез келген Қазақстан азаматы сайлауға қатысып, өз таңдауын жасай алады. Тек сот үкімі бойынша бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтардың дауыс беруге құқығы жоқ. Әрі қарай ақтөбелік әріптесім Бакыт Рахметова жалғастырады.

Бақыт РАХМЕТОВА, ТІЛШІ:

Ақтөбеде де саяси науқанға қызу дайындық жүріп жатыр. Бүгінде барлық сайлау учаскелеріне арнайы дауыс беру кабинкалары орнатылып, арнайы жәшіктер қойылған. Бүгін барлық учаскелерге бюллетень таратылды.

Біз келген сайлау учаскесінде екі мыңнан астам адам сайлаушылар тізіміне тіркелген. Олардың барлығына шақырту қағаздары таратылды.

Аян БИМАНОВ, №72 САЙЛАУ УЧАСКЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Жергілікті уақытпен кешкі жетіге дейін және денсаулығына байланысты үйге дауыс беруге мүмкіндігі шектеулі жандар бар. Біздің учаскеде 20 адам өтініш берді. Соларға 12 ден бастап барады.

Ел үшін маңызды саяси науқанға қатысуға ақтөбеліктер ерекше белсенділік танытуда.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- Әрбір дауыс маңызды. Міндетті түрде бару керек деп ойлаймын.

- Қазақстанның болашағы сол дауыс, әркім өз елім, жерім деп жаны ашитын болса барып дауыс беру керек қой. Белсенділік танытса ел көркейеді деп ойлаймын.

- Өз дауысымды беруге барамын және ойлаймын Қазақстанның әрбір азамат өз дауысын шанайы берсе әр адамның дауысы халық үшін ел үшін маңызды.

Бақыт РАХМЕТОВА, ТІЛШІ:

Ақтөбе облысында 525 сайлау учаскесі бар. Оның 14-і жабық мекемеде. 562 мыңнан астам адам өз таңдауын жасайды деп күтілуде. Оның ішінде үш жарым мың адам алғаш рет дауыс береді.