Русский Сайттың толық нұсқасы

Қобда ауданында су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға материалдық көмек көрсетіледі

  • AstanaTV
  • 18 наурыз 2023
  • 1188

Ақтөбе облысы Қобда ауданында су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға материалдық көмек көрсетіледі. Залалды бағалау жөніндегі комиссия үйлер мен аула аумақтарына тексеру жүргізіп жатыр. Аудан тұрғындарынан барлығы 101 өтінім келіп түскен. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қазіргі уақытта үш үйдің қалпына келтірілмейтіні белгілі болды. 4 үйдің қабырғалары құлаған, олар апатты деп танылды, 17 үй суда тұр.

«75 отбасыға 500 мың теңге көлемінде көмек көрсетіледі. Бұл қаражат комиссия жұмысы аяқталғанға дейін тұрғын үйлерді қалпына келтіруге жұмсалады. Комиссия жұмысы аяқталғанға дейін зардап шеккендерді қолдау мақсатында 75 отбасыға бюджеттен тыс қаражат есебінен 500 мың теңге мөлшерінде материалдық көмек аударылады. Комиссия барлық ғимараттар мен құрылыстарды зерттегеннен кейін зардап шеккендер залал сомасы туралы сарапшылардың қорытындыларына сәйкес толық көлемде көмек алады»,-делінген әкімдіктің хабарламасында.

Естеріңізге сала кетейік, 13 наурызда қардың күрт еріп, даладан еріген қар суының көп мөлшерде келуіне байланысты Қобда ауданының Қобда ауылында 97 аула аумағын су басты, оның ішінде денешынықтыру-сауықтыру кешені, кафе және 51 үй бар. Тұрғындар қауіпсіз жер - эвакуациялық пунктке орналастырылды. 15 наурызда Қобда ауданы әкімдігінің шешімімен жергілікті деңгейдегі табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды.

Қазіргі уақытта елдімекенде су тасқыны деңгейінің төмендеуі байқалады. Жасанды су жинау, құм төсеу және су айдау жұмыстары жалғасып жатыр.

38 бірлік мамандандырылған техника, 277 адам жұмылдырылды.