Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылордада 100 жасаған қос қария алғашқылардың бірі болып дауыс берді

  • AstanaTV
  • 19 наурыз 2023
  • 1040

Қызылорда облысында ғасыр жасаған қос қария ҚР Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын сайлауында алғашқы болып дауыс берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қызылорда облысы Сырдария ауданында тұратын 101 жастағы соғыс және еңбек ардагері Яхия Тасыров Тереңөзек кентіндегі №155 сайлау учаскесінде таңдау жасады.

«Дұрыс таңдау жасау елдің ертеңін еңселі етеді. Қашанда мұндай саяси шарадан шет қалмаймын. Бүгін де сол үрдістен ажңылған жоқпын», - деді Я.Тасыров.

Сонымен қатар Қазалы ауданына қарасты Ғ. Мұратбаев ауылының 100 жастағы тұрғыны Шамша Аймашқызы №64 сайлау учаскесінде таңдауын жасады. Саяси шара ресми түрде ашылғаннан кейін ол кісі алғашқы болып дауыс берді.

«Саяси науқанға өз үлесімді қоссам деген ниетпен ертемен келіп, таңдау жасадым. Барлық тұрғын бүгінгі шарадан қалыс қалмауы тиіс. Халқымыз аман болсын! Өзгерістердің барлығы оңынан болсын», - деді Ш. Аймашқызы.

Қарт ана өз таңдауын жасағаннан кейін ақ батасын беріп, сәттілік тіледі. Сайлау учаскесінің төрағасы Дархан Алдабергенов әжеге қазақы дәстүрге сай камзол кигізіп, иығына ақ жаулықты жапты.

Кейуана алты ұл-қыз тәрбиелеп өсірген. Бүгінде 15 немере, 28 шөбере, 8 шөпшек сүйіп отыр. Ол кісі барлық саяси науқанға белсене қатысып келеді.